$ 541.01  640.34  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.11.2021, 22:43
Қоғам

Кентауда жүздеген отбасы жылуы жоқ үйде тұрып жатыр

Көпқабатты 10 үй жылу жүйесіне мүлдем қосылмаған

Кентауда жүздеген отбасы жылуы жоқ үйде тұрып жатыр
Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысы Кентау қаласында жүздеген отбасы суық үйде тұрып жатыр. Пәтер кезегін жылдап күткен көпбалалы отбасылар мен мүгедектерге биыл ғана берілген көпқабатты 10 үй жылу жүйесіне мүлдем қосылмаған. Себебі газбен жылынуы тиіс, деп хабарлайды КТК арнасы.

Бірақ 600 пәтерден тұратын үйлер түгілі, жалпы Кентауда газ атымен жоқ. Жұрт электр пешпен баспанасын жылыта алмай отыр. Ал шенеуніктер «Жылуы жоқ үйлерді жұрт үй сұрап шулаған соң лажсыз бердік» деп ақталады.

Кентаудың кіреберісіндегі көпқабатты үйлердің тұрғындары бүрсеңдеп өмір сүріп жатыр. Барлығы электр жылытқыштармен күнелтіп отыр. Мысалы, көпбалалы Есентаевтар отбасы қуықтай ғана бір бөлмеде ұйықтайды, ас ішеді, сабаққа дайындалады. Электр пеші үздіксіз қосулы болған соң, алты баланың анасы Фарида амалсыз жұмыстан шығып үйде отыр.   

«Қараусыз қалдыруға қорқамын. Себебі ол тоқсұққыш шығып кете береді. Еріп кетеді. Шамалы қызса, автомат өшіп қалады. Алты балаға бір пеш берді. Оны өздеріңіз көріп отырсыздар, азаннан кешке дейін өшірмеймін, қосулы тұрады. Кейде өзі автомат көтере алмай өшіп қалады. Әр бөлменің жеке-жеке автоматы бар. Енді оған қарап отырмай, өзіміз бір пеш сатып алып қостық. Есептегіш құралын қатты айналдырады», - дейді Кентау қаласының тұрғыны Фарида Есентаева.

Пәтер кезегінде жылдап тұрған әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға биыл ғана берілген көпқабатты 10 үйдің де жағдайы осы. Қаладағы жылу энергия орталығына қосылмаған. Себебі көгілдір отынмен жылынуы керек. Бірақ Кентауда газ атымен болмаған.

Шенеуніктер әуелде газды күзге дейін қосамыз десе, кейін қараша деп, енді мерзімді жаңа жылға дейін деп шегеріпті. Бірақ тұрғындар газ жүргізіп жатқан жауапты мамандармен сөйлескенде олардың шенеуніктердің сөзін құптамағанын айтады.

Шенеуніктер Кентауды газбен қамту жұмыстарының шынымен созылып кеткенін мойындайды. Біресе газ құбыры жарылды десе, біресе шақырымдап құбырлар мен саймандардың ұрланғанын айтады. Ал инфрақұрылымы толық дайын емес үйлерді тұрғындарға неліктен бердіңіздер деген сұраққа тұрғындардың өзін кінәләйді.

«Біз бұл тұрғын үйлерді негізі биыл бермейміз деп шешкенбіз. Оған кезекте тұрған тұрғындар келіспей, наразылық білдіріп, әкімшілікке қайта-қайта келді. Сондықтан беру туралы талап қойған соң, талапты орындауға мәжбүр болдық», - дейді Кентау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Ысқақов.

«Тұрғындарға пәтерлерді амалсыз бердік» деген шенеуніктер газ қосылғанша жалдамалы пәтерлердің ақысын алмаймыз деп келісіпті. «Бұған да шүкір» деген тұрғындар тек жаңа жылға дейін газ беріліп қалар деп үміттенеді. Әйтпесе қазір нөлден жоғары температурада тоңдық деген кентаулық тұрғындар аяз ұрса, жаппай сырқаттанамыз деп үрейі ұшып отыр.
 

Серіктес жаңалықтары