«Жерімізді бермейміз»: Алматы облысының әкімдігі бүтін бір ауыл тұрғындарын сотқа берді

Автор: Azattyq Rýhy

Жер телімін рәсімдеген 4 мемлекеттік мекеме де жауапқа тартылмақ

203 адам сотқа тартылды

Алматының іргесінде орналасқан Жайнақ шағын ауданынан бір жыл бұрын жер сатып алған 200 ден астам адам қыстың көзі қырауда «Жерімізді бермейміз» деп ұрандатуға мәжбүр. Әу баста ауыл шаруашылығы мақсатында берілген 15 гектар жердің құжаты 2018 жылы жеке шаруашылық жүргізуге ауыстырылып, шұғыл сатылған. Үй салуды мақсат тұтқан жандар 6 соттық жерді 1,5-2 миллион теңге аралығында сатып алып, құжаттарын заңды түрде мемлекеттік мекемелерге тіркеткен. Аумақта барлығы 407 жер телімі сатылған.  

Алайда, арада алты ай өтпей жердің 203 иесі Іле аудандық сотына шақырту алды. Заңгер Нұрлан Байғазиевтің айтуынша, рәсімделген құжаттардың күшін жоюды Алматы облыстық Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы талап еткен.

 «203 адамның жерін заңсыз деп тануды талап қылып, сотқа берген Алматы облысы Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы. Осы мәселе бойынша қазір дау туындап отыр. Мында барлық жер учаскелерінің кадастарлық нөмірі көрсетілген. Енді келіп, жердің жеке меншік құқығын жоюды талап қылып отыр.

Екі мәселе бар. Біріншісі, 2018 жылдың 29 маусымында Боралдай кенті әкімінің орынбасары Абдуллаеваның шығарған шешімін заңсыз, үкімін дұрыс емес деп тану мақсатында сотқа беріп отыр. Екіншісі, бұл жерге Саин көшесінің созылуы мен БАКАД (Алматы үлкен айналма жолы-ред) түседі деген. Яғни, жерлер бір-біріне қабаттасқан дегенді негізге алған», - деді заңгер Нұрлан Байғазиев.  

Үйді қарызға тұрғызған тұрғындар

Қалаға тиіп тұрған жерге қызыққан тұрғындардың біразі несие рәсімдеген.  Алды 6 миллион теңгеге дейін несие алып, баспана соғуға кіріскен.

«Жерді несиеге алған ақшаға сатып алдық. Екінші несие алып, үй құрылысын бастадық. 6 миллион теңгені 5 жылға алдық. Үйдің құрылысы әлі біткен жоқ. Қазір немерелерімізбен бірге пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Осы үйді бітіріп кірсек пе деген арман еді. Енді міне тағы проблема шықты», -деді Айтханым Байғазиева.

Инфрақұрылымнан жұрдай, шала-шарпы салынған үйлерде кейбір отбасылар тұрып жатыр. Соның бірі 3 миллион теңгеге «времянка» салған - Гүлжайна Әжібаева.

Фото: Гүлжайна Әжібаева.

«Осыдан екі жыл бұрын сатып алдық. Қанша жыл пәтер жалдап жүріп, енді үйге кірдік пе қуанып отырғанда осындай проблема шықты. Бұның қандай мақсатта сатылып,  қандай оймен осылай сотқа беріп отырғанын түсінбедік. Бұл үйге қаншама еңбек кетті. Ағайын-туыстың көмегімен салынған еді. Біз ешқайда кетпейміз», -деді Гүлжайна Әжібаева. 

Тұрғындар мұнда елуден аса үй салынып, іргетасы құйылған баспана да аз емесін айтады. 15 гектар жер бір жыл ішінде үш қожайынның қармағына өтіп,  сатылымға түскен. Облыс әкімдігі аумақтың бас жоспарға енбегенін, жерді қолдану құжаты  заңсыз өзгертілгенін алға тартады.

 «Менің түсінбейтінім бас жоспар сонда ойыншық па? Жыл сайын бас жоспар өзгертіле береді ме? 2018 жыл емес, 2000 жылдары жер сатылып, содан Бас жоспар өзгерді десе, ол ойға қонымды. Жерлер 2018 жылдық қыркүйегінде сатылып, құжаттар рәсімделді. Сонда арада екі ай өтпей, Бас жоспар өзгеріп кете ме? БАКАД-тың салынатыны 5-6 жыл бұрын белгілі болды ғой», - деді бастаған үйі аяқсыз қалғанына күйінген Гүлшахра Қожаназарова. 

Облыс ауданнан көреді

Облыс басшылығы болса, аудандағылардың әрекетін дер кезінде білмей қалдық деп отыр.  Тіпті, Боралдай кентінің әкімін, Сәулет және қала құрылыс бөлімін, Жер қатынастары бөлімін, Жер кадастрлық бөлімін сотқа берген. Алайда, кент әкімі тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ деп отыр.  

Фото: Данияр Қоңырбаев - Боралдай кентінің әкімі

«Алдағы бірнеше айда Бас жоспар қайта өзгертіліп,  халықтың үй салуына мүмкіндік беретін құжат жасалады. Негізі әу баста бас жоспарға енгізіліп барып, жұмыс бірақ жасалу керек еді. Қазір бас жоспарды аудан әкімдігі қарастырып, жоба жасалып жатыр. Содан кейін маслихаттың шешімімен бекітіледі. Әу баста көп қабатты үйлер салыну керек деп жоспарланған.

Бірақ халық жер үй салып жатқандықтан, көп қабатты үй болмайды. Сотқа түсірген талап арызда көрсетілгендей тұрғындар ғана емес, әкімдік те жауапкер. Жер телімін шауа қожалығынан заңсыз ауыстырды деп сотқа беріп отыр. Ол кезінде комиссияның шешімімен ауыстырылған. Біз оны теріс деп санамаймыз. Сондықтан сот кезінде біз тұрғындардың жағына шығамыз. Халықтың алаңдауына еш негіз жоқ» - деді Боралдай кентінің әкімі Данияр Қоңырбаев.

Аудан әкімдігінің хабарлауынша Боралдайдың бас жоспары соңғы рет 2010 жылы  бекітілген. Енді , Алматы облысы Сәулет және қала құрылысы басқармасының бұйрығына сәйкес Боралдай және Коянқұс  ауылдарының  бас жоспары  қайта жасалып, таласқа түскен жерді оған қосу қарастырылған. Бірақ, 15 гектар жердің  бас жоспарға ену-енбеуін тек сот шешеді. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы