Еліміздің магистральдық желісіндегі тасымалдау құралдарының қозғалыс қауіпсіздігін бұзу фактілері 18%-ға ұлғайған
Соңғы жылдары еліміздің ішінде әртүрлі көлік түрлерімен тасымалданатын жолаушылар мен жүктердің басым бөлігі теміржол тасымалына тиесілі. Аталған бағытқа цифрландыру жүйесін және теміржол көлігі инфрақұрылымына инновацияларды енгізу саланың дамуына, сондай-ақ қауіптіліктің азаюына ықпал етеді. Бұл туралы «Қазақстан теміржолы» АҚ қозғалыс қауіпсіздігі бойынша директор Марат Шәкенов Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік және цифрландыру жөніндегі Еуразиялық форумда айтты.
Өз баяндамасында Марат Шәкенов «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ жұмыс істеген жылдары қозғалыс қауіпсіздігіндегі көрсеткіштерге тоқталып өтті.
«Еліміздің магистральдық желісіндегі тасымалдау құралдарының қозғалыс қауіпсіздігін бұзу фактілері 18%-ға ұлғайды, десе де компанияның бұзушылықтары 17,5%-ға төмендеді. Бұл орайда жылжымалы құрамға, инфрақұрылым объектілеріне технологиялық қызмет көрсету мен пайдалануды сапасыз ұйымдастыру және қызметкерлердің еңбек тәртібінің төмен деңгейі қауіпсіздікті бұзудың негізгі себептері болып табылады», - деді Марат Шәкенов.
ҚТЖ-ға келер болсақ, бұзушылықтардың 38%-ы компанияның негізгі қызметіне қатысы жоқ бөгде себептердің әсерінен болады екен. Яғни теміржол өтпелеріндегі бөгде адамдарды қағу, жол-көлік оқиғалары, жолға қандай да бір заттарды тастап кету немесе қолайсыз ауа райы сынды жағдайлар.
«Магистральдық жолдардағы бұзушылықтардың 85%-ы тасымалдау процесіне өзге де қатысушылардың кінәсінен болатынын атап өту қажет. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің аумағында орналасқан жөндеу ұйымдары жылжымалы құрамды жөндеу жұмысы бойынша сапасыз көрсететін қызметтерге байланысты қалыптасты. Көбіне жылжымалы құрамды жөндеу технологиясын дұрыс сақтамай, сондай-ақ контрафактілік немесе сапасыз бөлшектерді пайдалану жағдайларына жол беріледі», - деп атап өтті Шәкенов.
Белгілі болғандай компания тапсырыс беруші ретінде Қазақстанның жөндеу кәсіпорындарында аудит жүргізген. Тексеру нәтижелері бойынша бірнеше жөндеу кәсіпорындарының жұмысы анықталған сәйкессіздіктер толық жойылғанға дейін тоқтатылғаны мәлім болды.