Өңірде ай сайын 6 мың бала дүниеге келеді
Қазақстанда құрылған соңғы облыс – Түркістан өңірінің экономикалық портреті жайлы Мәскеу мемлекеттік университетінің ақпараттық-сараптамалық орталығы жазды деп хабарлайды Azattyq Ruhy сайты. 2018 жылдың 19 маусымында Оңтүстік Қазақстан облысының құрамынан Шымкент қаласы шығып, дербес, республикалық маңызы бар қала статусын алған еді. Өз кезегінде, Түркістан облысы пайда болып, оның орталығы Түркістан қаласы атанды.
Шымкентті облыс құрамынан шығарып, халық санын азайту мақсатында аумақтық өзгерістер енгізгенімен, қазіргі таңда Түркістан облысы басқа да демографиялық параметрлер бойынша көш басында тұр. Мысалы, туу көрсеткіші және халық санының табиғи өсімі бойынша.
Соңғы деректерге сәйкес, өңірде ай сайын 6 мыңға жуық нәресте дүниеге келеді екен (тәулігіне 200-ге жуық бала).
Сонымен қатар, аталған облыс кедей халық саны бойынша да алдыңғы қатарда. Күнкөріс минимумынан төмен табыс табатын халықтың үлесі облыста 9,8 пайызды құрайды (30 320 теңге). Бұл басқа өңірлермен салыстырған Түркістан облысын бірінші орынға шығарып тұрған көрсеткіш. Салыстыру үшін: аталмыш көрсеткіш бойынша екінші орынға Маңғыстау облысы жайғасқан – 5,8%. Тағы да айта кетерлігі, республикадағы жалпы кедей халықтың санымен салыстырғанда да Түркістандағы экономикалық аутсайдерлер тобына кіретін азаматтардың саны ең жоғары – 26,6%.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, облыстағы жұмысқа қабілетті, 15 жас және одан жоғары халықтың саны 2020 жылдың 3-тоқсанында 827,5 мың адамды құраған. Облыс экономикасында 784,5 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл дегеніміз 15 жастағы және одан жоғары халықтың 74%-ы. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың 3-тоқсанымен салыстырғанда 12,3%-ға артқан.
2019 жылғы Түркістан облысының ішкі аймақтық өнімі 718 млрд. теңгені құраған (Қазақстанның ішкі аймақтың өніміндегі облыстың үлесі – 2,6%). Қазақстаннң басқа өңірлерінің ішінде ішкі аймақтың өнім бойынша Түркістан облысы 17-ші орында.
Облыс экономикасының 2025 жылға дейінгі негізгі экономикалық драйвері ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деп белгіленген. Бұдан бөлек, өңір басшылығы сауықтыру (минералды сулар, жылу скважиналары, жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққан адамдарға қолайлы климат жасау), тау шаңғы және тарихи-мәдени туризмді дамытуға ден қоюда. Түркістан облысы – республикадағы индустриалдық зоналар саны бойынша көшбасшы. Өңірде олардың саны 9, ал кәсіпорындар саны – 69.