Пандемия кезінде жұмыста да, оқуда да жоқ қазақстандық жастардың саны өскен
Депутат Елнұр Бейсенбаевтың мәліметінше, NEET жастар саны ресми статистика көрсеткішінен жоғары

Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа еліміздің NEET (оқуда да, жұмыста да жоқ) жастарының мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ұлттық бюроның мәліметінше еліміздегі NEET жастарының үлесі шамамен 6,7%-ды (256 мың) құрайды.
«Елімізде қазіргі уақытта 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар саны 5,9 млн адамды, яғни ел халқының үштен бір бөлігін құрайды. Сондықтан жастарды мемлекеттік қолдау елеулі ресурстар мен ойластырылған жүйелі шараларды талап етеді. Оның ішінде жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері басты назарға алынуы қажет. Ал біздің елімізде жағдай қалай, жалпы жұмыссыз, жұмыс істеуге ынтасы жоқ, сонымен бірге уақытша табыс көздеріне машықтанған жастардың санына үңілсек. Қазіргі таңдағы жұмыссыз жастардың саны 3,6%-ды құраса, NEET жастарының үлесі 6,7%-ды құрайды, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық арасындағы жастардың үлесі 25%-ды құрап отыр. Яғни аталған үш көрсеткіш жастар арасындағы жұмыспен қамтылу процестерінің мүлдем басқа деңгейде екенін анық көрсетіп тұр», - дейді депутат.
Депутаттың мәліметінше, 2021 жылғы ақпарат бойынша NEET санатындағы жастардың үлесі өндірістік, туристік потенциалы бар өңірлерде, оның ішінде Қарағанды облысында – 9,1%, Ақмолада – 8,9%, Қызылордада – 8,1% құраған.
«Аталған аймақтар бұл көрсеткіш бойынша «антилидерлер» қатарында болғанына қарамастан, бұл санаттағы жастармен жұмысты жүйелі реттеуге әлі де қауқарсыз. Бұл бір. Екіншіден, «Атамекен» ҰКП зерттеулерінің қорытындысы бойынша жоғары оқу орнының түлектерінің 35% мамандығы бойынша жұмыс істемесе, олардың 40% оқуды бітірген жылы жұмыс таба алмайды. Ал мемлекеттік бағдарламалардың түпкілікті нәтижелері бюджет қаражатын игеруге көбірек бағытталғаны анықталуда. Мысал ретінде, «Жастар практикасы» жобасы бойынша 10 жылдың қорытындысына сәйкес, 190 мыңнан астам жас 6 айлық іс-тәжірибеден өтті. Бұл бағдарлама бойынша, әрі қарай жас түлектің тұрақты жұмыспен қамтылуы емес, тек тәжірибеден өту индикаторы ескерілген. Үшіншіден, өңірлер берген тізімдердегі NEET санатындағы жастар саны Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес келмейді», - дейді Елнұр Бейсенбаев.
Депутат жұмыссыз және NEET санатындағы жастармен жұмысты бірізді жүргізудің төмендегідей бірқатар шешімдерін ұсынған.
«Біріншіден, NEET санатындағы жастарды жіктеудің бірыңғай әдіснамасын дайындауды ұйымдастыруды, есептеу әдістемесінде жастар жасының жоғарғы шегін 35 жасқа дейін ұлғайтып, оларды жас ерекшелігі, жынысы, тұрғылықты мекенжайына байланысты бөліп қарастыруды; Екіншіден, жастар мен жас кәсіпкерлерді қолдауға, уақытылы ақпараттандыруға бағытталған бірыңғай навигациялық сайтты, оның мобильді қосымшасын және оларға арналған ілеспе телеграмм ботты әзірлеу және іске қосуды қолға алуды; Үшіншіден, жастардың осы санатымен жұмыс істеу тиімділігін бағалау үшін тиісті орталық мемлекеттік органдар мен өңірлік дамыту бағдарламаларында NEET санатындағы жастардың санын азайту жөніндегі мәселелерді бекітуді сұраймыз», - деді шенеунік.
Айта кетсек, жыл басында Мемлекет басшысы жастармен жұмысты жүйелендіру үшін 2022 жылдың соңына дейін жастар саясаты туралы заңнаманы жетілдірудің өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына тиесілі Жол картасының 71-тармағына сәйкес, NEET санатындағы жастардың санын азайту мәселесінің маңыздылығы ескерілген.