«Дәулеттен» қоры көпбалалы отбасына 20 сотық жері бар үйдің кілтін табыстады
Алты баласын асырау үшін көпқабатты үйдің шатырына тауық қора салған көпбалалы отбасына "Дәулеттен" қайырымдылық қоры баспана алып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қордың ресми парақшасына сілтеме жасап.
Бұған дейін Рүстем отбасымен бірге Ақтауда бір бөлмелі пәтерді паналап келген. Азық-түліктің қымбат болуына байланысты ол балаларын асырау үшін үйдің шатырында тауық қора салған. Кейін қоян алып асыраған. Алғашқыда көршілері тауық пен қояндарға тамақ тасып, отбасын қолдағанымен, олардың арасында қораздың даусы мен иісіне шағымданғандар да табылды.
Артынан істі полиция тексерді де, Рүстем әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 65 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бұдан кейін қазақстандықтар "Дәулеттен" қоры арқылы көпбалалы отбасына жеке үй алып беру үшін ақша жинауды бастады.
Бүгін қор жетекшісі, белгілі экономист-блогер Дәулет Мұқаев қуанышты хабарды әлеуметтік желі арқылы жариялап, Рүстемнің отбасына Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Батыр ауылынан 20 сотық жері бар үйдің кілтін табыстады.
Рүстем "Дәулеттен" қоры мен көмек қолын созған барша қазақстандықтарға алғысын айтты.