Бұрынғы күйеуі оның балаларын күшпен тартып алған
Алматы тұрғыны Айсұлу Дайрабаева өзінің 2 және 1 жастағы балаларын бұрынғы күйеуі бермей отырғанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz.
Қостанай облысында тұратын азамат әйелді алдап шақырып алып, одан балаларын күшпен тартып алған. Артынан әйелді үйінен қуып шығады. «Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады» деген әйел журналистерден көмек сұрап отыр.
Балаларының әкесімен Алматыда азаматтық некеде тұрған әйел осы уақытта екі қызды дүниеге әкелген. Айтуынша, балаларының әкесі алғашқы некесінен сәбилі бола алмапты.
“Екі қызым бар. Үлкені 2 жаста, кішісі 1 жаста. Басында Алматыда бірге тұрдық. Кейін ол Қостанайға барып-келіп жүрді. Оның заңды некеде әйелі болған. Араларында балалары болмағаннан кейін ажырасып кеткен. Кейіннен менімен бірге тұра бастағаннан кейін анасымен танысуға бардық. Бірақ мені қабылдамады. Ол кезде аяғым ауыр болатын. Осылайша мені қуып жіберді. Сөйтіп Алматыға қайта келдім. Кейін босанған соң ол қарындастарымен келіп, баланы көрді. Өз тегін берді. Балаға іші жылып, анасымен сөйлесу үшін Қостанайға кетіп қалды”, – дейді Айсұлу.
Ақыр аяғында күйеуі оны үш айдан кейін Қостанайға шақырып алады. Алайда әйел күтпеген оқиғаға ұшырайды.
“Ол кезде балам 6 айлық болатын. Барғанымда әпкесі мен қарындасы асты-үстіме түсті. Баланы тамақтандырды. Ақыр аяғында бәрі жабылып менен қыздарымды тартып алып қойды. Менің амалсыз Алматыға қайтуыма тура келді. Кейін барып шу шығарып, балаларымды аламын дегенде ғана ол сотқа жүгінді. Өзі спирттік ішімдік ішеді. Маған бәрі “балаларыңды сондай адамның қолында қалай қалдырасың?” деп айтып жатыр. Бірақ бұл оңайға түспеді. Сотта маған балаларымды көрсеткен жоқ, отырысқа олардың әкелері қатыспады. Мен талапкер ретінде қатыссам, олар маған жауапкер ретінде қарайды. Тергей береді, сұрай береді. Менен балаларды тартып алуға көмектескен әпкелерінің үстінен арыз жазғанмын. Оларды ешкім ешқайда шақырған да жоқ, тергеген де жоқ. Мен барсам, соттың онлайн өтетінін айтып, қайтарып жібереді. Судьяға шақырыңыз десем, сот онлайн өтеді, неге келесіз деп айтып қайтарып жібереді”, – дейді әйел.
Сөзінше, бұған дейін екі рет сот отырысы болған. Екі сотта да балаларының әкесі жеңіске жетіпті.
“Себебі адвокат жалдап алған. Судья маған материалдық жағдайымның жоғын айтып, ұрысты. Артымда үйім мен жалақымның балаларды асыруға жететінін дәлелдейтін құжаттарым болуы керектігін жеткізді. Мен одан кейін де бірнеше рет сот шешіміне қарсылығымды білдіріп, арыз жаздым. Бірақ қараудан бас тартып отыр. Балаларымның әкесінің материалдық жағдайы жасалған. Бұнымен қоса ол маған балаларымды көрсетпей отыр”, – дейді әйел.