«Мүгедектің құқығы тапталды»: Алматы облысында бір іс бойынша жүзге жуық сот отырысы өтсе де, судьялар проблеманы шеше алмаған
Істі қараған судья мен үстінен арыз түскен кәсіпкер көрші тұрады
Алматы облысының судьялары қарапайым азаматтық іске үш жылдан бері нүкте қоя алмай келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Қарасай аудандық сотындағы судьялардың шеше алмай жүрген проблемасы – небәрі бір соттыққа да жетпейтін жер телімі.
Алматы мен Алматы облысының дәл шекарасына тойхана салған кәсіпкер сол жердегі мүгедек отбасының жерін де басып алған. Жарымжан жандарға әлімжеттік көрсеткен шонжардың көпе көрнеу заңсыз әрекетін архитектор, жер кадастры бөлімінен бастап өзге де жауапты мекеменің мамандары сотта анықтап берген. Талап арыз бойынша заңсыз салынған тойхананы сүру туралы сот шешімі де шығарылған. Алайда, қаулының қауқарын аудандық соттың төрағасы қайта жойып, істі созып келеді дейді шағымданушы тарап.
«Ғани Шаймардан тойхананың иесі. Мен – екінші топтағы, әйелім –бірінші топтағы мүгедек. Қарасай аудандық сотының төрағасы біздің құқығымызды бұзып отыр. 2019 жылы судья Дүйсенбиевтың шығарған шешімінің орындалуына және мына заңсыз салынған, менің жеріме де кіріп кеткен құрылыстың бұзылуына кедергі келтіріп отыр. Заңсыз құрылысты бұздырмай отыр. Екі жыл бұрын соттың шешімі шыққан. Оны Қарасай аудандық сотының төрағасы Мәди Көшікбаев өзіне алып, мына жерде жәбірленушінің қолы «дұрыс қойылмаған» деген сылтаумен істі тағы қайтарды. Судьялар заңсыз салынған мейрамхана иесінің мүддесін қорғап, мүгедектердің құқығын бұзып, заңсыз әрекеттерге жол беріп отыр», - деді екінші топтағы мүгедек Асқар Жұмағали.
Асқар Жұмағали
21 күнде шұғыл салынған тойхана қыркүйек айында өртеніп, қонақтар қашып құтылған. Даулы жердегі ғимарат күзде өртеніп кеткенмен қожайындары соттың қаулысының болғанына қарамастан оны жуырда қайта қалпына келтіре бастаған. Тіпті, алып кәріз құдығын мүгедектердің жеріне орналастырып алған. Көршісінің 41 шаршы метрден астам жерін алып қойғандарын Шаймардановтар сотта өздері де мойындағанмен, сан түрлі құйтырқы әрекеттер арқылы мемлекеттік мекемелерді де, мүгедектерді де әуреге салып келеді.
«Асығыс салынған соң құрылыс талаптары да бұзылған. Оның бәрі дәлелденіп, аудандық сәулет-құрылыс бақылау бөлімі де заңсыз құрылыстың иелерін сотқа бірнеше рет берген. Бірақ олардың бизнесін Қарасай аудандық сотының судьялары қорғап отыр. Заң талабы бойынша ол менің жеріме кірмек түгілі шекарадан 10-15 метр ары салу керек. Тойхана өртенгенде техникалар кіре алмай, ақыры менің жерім арқылы су шашты. Олар осындай қоғамдық құрылысты саларда жақын, айналасындағы тұрғын үйлердің иелерімен де ақылдасып, рұқсатын алу керек. Олар ақылдаспақ түгілі менің 41,2 шаршы метр жерімді заңсыз алып отыр. Істің сотта жатқанына үшінші жыл, шешілген жоқ, созып келеді, ауданның өзінде төртінші судья қарамақ. Үш жыл қаралып, бәрі дәлелденген нәрселерді сот қайта басынан бастайды, уақыттары көп. Осылай созу арқылы өртенген тойхананы қалпына келтіріп қана қоймай, заңдастырып алуға мүмкіндік беріп отыр. Жерді өлшеушілер, архитекторлар, сәулет-құрылыс бөліміндегі мамандар жерді қайта-қайта кеп өлшейді, сот оларды да шақыра береді. Олар баяғы заңсыздықтарды сотқа қайта жібереді, сот сылтау тауып, істі тағы созып немесе бұрынғы шешімдердің күшін қояды. Мемлекеттен айлық алатын адамдар осылай тиімсіз жұмыс істеп келеді. Екі сот менің талабымды қанағаттандырған. Бірақ сот төрағасы мен кәсіпкер бір-бірімен жақын таныс, көрші тұрады», - деді шағымданушы А.Жұмағали.
Небәрі 0,4 соттық жер үшін сот 4 томдық іс құжатын жинаған. Жарымжан жігіттің айтуынша, аудандық судьялар жүзге жуық сот отырысын өткізгенмен, дауға нүкте сол қалпы қойылмаған. Қожайындар нотариус арқылы тойхананың иесі ретінде біресе баласын, біресе балдызын кезек тіркеп, созбаққа салып келеді. Сот шешімі шыққанша тойхананың заңды иесін қайта-қайта өзгерте бергендіктен істі басынан бастауға тура келеді.
«Мына мейрамхананың иесіне мемлекеттік акт бойынша қазығын қағып, көрсеттік. Бұған дейін де осылай келіп, жерді өлшеп, спутник арқылы атуға үш рет келгем. Бұл жолы төртінші рет келіп тұрмын. Қайта-қайта жерді өлшеп жүргенімізге үш жылдай болып қалды. Барлық жағдайлар сараптама қортындысында жазылған. Қанша шаршы метр кіріп кеткенін тағы да өлшеп болған соң жазамыз», - деді Қарасай аудандық жер және кадастр бөлімінің маманы Мейрамбек Ералиев.
Шағын жер болса да ұзаққа созылған дауды осы жолы судья Мират Бөрі қармақ. Ол қос тараптың тартысын көзбен көріп, анықтау үшін құрылыстың басына келді.
«Бізде екі тараптың арасында жер дауы қаралып жатыр. Талапкер «мына мейрамхана менің жеріме кіріп тұр» дейді. Екіншісі оны жоққа шығарады. Соны міне нақтылау үшін мамандарды шақырғанбыз. Сот тараптардың қатысуымен өлшеу жүргізіп жатыр. Соның бәрі біткен соң іске дәлелдеме ретінде тіркеледі. Бұл іс менің қарауына енді түсті. Әлі дайындық жүргізіп жатырмыз. Кабинетте отырмай, оқиғаны анықтау үшін осында келіп тұрмыз. Шындыққа сәйкес келе ме, келмей ме анықтаймыз. Бұрынғы болған сот істерінің маған қатысы жоқ. Мамандардың қортындысын алмайынша басқа түк айта алмаймын», - деді аудандық соттың судьясы.
«Мұз Тау» мейрамханасының иесі де, оның заңды өкілі де жағдайға қатысты жақ ашпады.
«Сот орындаушыға шешім бойынша құрылысты сүруге мүмкіндік бермей отыр. Сонда сот өз шешімін орындауға өзі қарсы шығып отыр. Бір судья құрылысты бұз деп шешім шығарады, оны атқаруға соттың төрағасы рұқсат бермейді. Судьядан бастап жерге қатысты әкімдіктің барлық жауапты мамандары осында 3-тен, 4-тен келіп, анықтап көрді. Бүгін міне, тағы жиналып келді. Қайта-қайта жерді, құрылысты өлшей береді. Жер тұрған орнынан қозғалып кетпейді ғой. Үш жылда жүз шақты сот отырысы болды. Сонда осыншама сот процесіне мемлекеттің қаншама қаражаты, қызметкерлердің уақыты кетті. Мейрамхана мен сот төрағасы жерлес, екеуі көрші тұрады. Өрттен қалған сапасыз кірпіштердің сыртын қаптап жатыр. Бір күні құлап, тағы адамдар зардап шексе кім жауапты? Билік көре тұра мән бермейді», - деді Асқар Жұмағали.
Жерін даулап жүйкесі жұқарған мүгедек жігіттің әлі қанша рет сотқа баратыны белгісіз. Жоғары Соттың баспасөз қызметі аталған жағдайға қатысты «Сот актісін өзгерту немесе күшін жою мақсатында апелляциялық сатыға жүгінуге болады», деп қысқа қайырды.