Алматыда жолаушы тасымалдайтын 200-ге жуық жаңа автобус мерзімімнен бұрын істен шықты
Қоғам белсенділері үш жыл да жүріп үлгермеген ресейлік автобустарды «Алматыэлектротранс» компаниясы жөндеуге құлықсыз дейді
Алматыда жолаушы тасымалдайтын 200-ге жуық жаңа автобус мерзімімнен бұрын істен шықты. ЛиАЗ маркалы қоғамдық көліктер қазір қала сыртындағы алаңқайда қаңтарылып тұр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Қоғам белсенділері үш жыл да жүріп үлгермеген ресейлік автобустарды «Алматыэлектротранс» компаниясы жөндеуге құлықсыз деп айыптайды. "Өйткені жолаушы тасымалына жауапты серіктестік көліктерді қалыпына келтірудің орнына жаңасына тапсырыс беріп, бюджет қаржысын жымқыруды әдетке айналдырған» дейді олар.
Тау болып үйілген бұл автобустар жеті жыл бұрын қала ішінде қатынап, жолаушы тасымалдаған. Қоғамдық көліктер жарамсыз күйге түсіп, есептен шығарылды. Енді көліктердің қаңқасы металлға өткізіліп, бөлшектері сатылымға қойылмақ. Олардың саны бұл жерде 400-ден асып жығылады. Тағы 100-і Алматы қаласындағы автобус паркінде тұр.
Тот басып тозығы жеткен автобустар қазір Жетіген ауылындағы ат шаптырым алаңқайға қойылып жатыр. Бірақ осы аумақта ескі көліктермен қатар ЛиАЗ маркалы жаңа автобустар да толып тұр. Үш жыл бұрын ғана жолға шыққан жасыл түсті ресейлік көліктердің ашық аспан астында шаң басып тұруы қоғам белсенділерінің наразылығын туғызды.
«ЛиАЗ автобустарының ешкімге керексіз болып далада тұрғаны жауапты компанияға үлкен сын. Қоғамдық көліктер кемі жеті жыл жүретін еді. Неге оларды жөндеп, күнделікті бағытқа шығармасқа? Қалада онсыз да автобус жетіспейді. Бөлшектеріне тапсырыс беріп жасату әлдеқайда оңай. Шаһардың сыртына, ешкім көрмейтін жаққа автобустардың барлығын үйе беру ақылға қонымсыз», - дейді қоғам белсендісі Владислав Захаров.
Владислав Захаров «Алматыэлектротранстың» қолда барды ұқсата алмай, қайта-қайта жаңа автобус сатып алуы «тегін емес» деп отыр. Ол жолаушылар тасымалындағы бейберекетсіздікке өткен жылы ғана қызметіне кіріскен компанияның жаңа басшысын кінәлайды. «Құлқынның қамын ғана ойлайтын директор автобус паркін жиі жаңарту арқылы қазына қаржысына қол салуы мүмкін» дейді қоғам белсендісі.
Алматыда түрлі бағытта тұрғындарды тасымалдайтын қоғамдық көліктердің саны мыңға жуық. Олар ресейлік ЛиАЗ, қытайлық Golden Dragon мен Youtoung маркалы автобустары. Соңғысы ескіріп, оның қалада 15-і ғана қатынап жүр. Ал «Алматыэлектротранс» компаниясы қала сыртындағы алаңқайда тұрған жасыл автобустар жөнделеді деп сендірді. Тіпті тиісті бөлшектерге тапсырыс та беріліп қойған көрінеді.
«Қазір ол жерде 600-ге жуық автобус тұр. Соның арасында 128 жасыл автобус. Керекті автобустарды сол жерден әкеліп жасатып жатырмыз. Жылдың аяғына дейін алпысын жөндеп шығарамыз деп отырмыз. Алпыс қозғалтқыш алып қойдық. Наурыз, сәуір айында қалған автобустарды қалпына келтіреміз. Тізім бойынша барлығын ретке келтіріп отырмыз», - деді «Алматыэлектротранс» ЖШС директорының орынбасары Талғат Әбдікәрімұлы.
Жолаушылар тасымалына жауапты серіктестік қоғам белсенділері «тырнақ астынан кір іздеп» отырғанын жеткізді. Компания өкілдері бұрыңғыдай автобустардың техникалық жөндеу жұмыстарын өзге мекемеге жүктемей, тікелей өзіміз жүргіземіз дейді.