Үкімет бұл бастаманы жүзеге асыру жолдарын мұқият ойластыруы керек
Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің VI отырысында мемлекет бөлетін грантты елдегі ЖОО-ға емес, студенттің шотына аудару керек деп мәлімдеді Мемлекет басшысы. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Мемлекет жоғары оқу орындарында білім беру үшін көптеген грант бөледі, бүгінде бір студенттің оқу құны шамамен 4 млн теңге, ал гранттардың саны жыл сайын өсуде. Енді қаржыландыру тәсілін өзгерту керек. Қаражат тікелей грант иесіне берілуі тиіс, яғни студенттің өзі оқу ақысын төлеуі тиіс, бұл қаражат студенттің арнайы шотына аударылатынын білдіреді», ˗ деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, аталған қаражатты тек оқуға жұмсау керек.
«Бұл әдіс жоғары білім беру саласындағы бәсекелестікті күшейтеді, сонымен қатар мемлекеттік тапсырыстың ашықтығын қамтамасыз етеді, білім сапасын жақсартады және студенттердің жауапкершілігін арттырады. Үкімет бұл бастаманы жүзеге асыру жолдарын мұқият ойластыруы керек», - деді Тоқаев.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы