Олар өздерінің және балаларының денсаулықтары үшін алаңдайды
Бұрынғы қоқыс полигонының орнына салынғалы жатқан күл төгу орны қарағандылықтарды алаңдатып отыр. Күлден ұшатын шаң-тозаңға тұншығамыз деген тұрғындар дабыл қағуда, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Полигон аумағы 400 гектар. Шаһарды жылу және жарықпен қамтып отырған станция өкілдері қалдық ауаға көтерілмейді деп отыр. Қарағандының іргесіндегі әйгілі 3 ЖЭС қуаты бойынша Қазақстанда алғашқы бестікке енеді. 1992 жылдан бері төгіліп келген бұрынғы орын алдағы 4 жылда толады. Сондықтан онда рекультивация, яғни қалыпқа келтіру жұмыстары басталған. Ал жаңадан салынып жатқан мына орын тұрғындардың наразылығын тудырып отыр.
«Қазірдің өзінде талап сақталмайтынын көрдік. Бір жылдан бері кең тыныс алып, демалатын мүмкіндік болмады. Біз конституциялық құқығымызды пайдаланып Үкімет басшысына да, керек болса, Президентке де шағымданамыз. Себебі мұндағы әңгіме бірінші кезекте біздің және балаларымыздың денсаулығына қатысты. Осы аудандағы 140 отбасының өкілдері қарсы екендерін білдіріп, қол қойып берді», – дейді қала тұрғыны Дәурен Арынов.
Бұл жерде бұрын қоқыс полигоны болған. Станция өкілдері оны жойып, қазір мұндағы екі бірдей шағын өзеннің арнасын талапқа сай бұрыпты. Экологтар болса, күл төгу орны жұмысын бастаған соң тұрғындарға қолайсыздық тудырмайтынына сенімді.
Бірінші және үшінші ЖЭС жылына кемі 1,5 млн тоннаға жуық күл қалдықтарын шығарады. Онда қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы техникалар жүргендіктен қоқыс-қалдықтары шаң-тозаң болып халықтың мазасын қашырғаны рас. Жақында бұл жұмыстар аяқталатын көрінеді. Ал неге дәл осы орын таңдалды дегенге серіктестік өкілдерінің пікірі мынадай.
«Күл-қалдықтарын шығару орны – ЖЭС-ның бір бөлшегі. Онсыз станция да жұмыс істей алмайды. Күл шығару орнын таңдаған кезде біз ең қолайсыз, басқа дүниеге жарамайтын жерді аламыз. Бұл жер дәл сондай, бұрынғы қоқыс полигоны мен балшықты орын болды. Мұның барлығы жобада қарастылып барып, шешім қабылданған», – дейді «Қарағанды Энергоорталық» ЖШС атқарушы директоры Рүстем Байжанов.
Күл төгу орны мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен. Енді алдағы 4 жылда пайдадануға берілуі тиіс. Жылу мен электр қуатын өндірушілер жаңа жобада күл қалдығын «дымқыл» ету жобасы қарастырған. Ал дымқыл күл қалдығы ауаға көтеріліп, тұрғындарға қолайсыздық тудырмайды дейді.