Президент Дәулет Сембаевтың зор бедел мен құрметке ие болғанын және жас қаржыгерлер буыны оны үлгі тұтқанын атап өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі қаржыгер Дәулет Сембаевтың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Дәулет Хамитұлы зауыт шеберінен Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасының Ұлттық банк төрағасы қызметіне дейінгі үлкен өмірлік әрі кәсіби жолдан өтті. Оның еліміздегі қаржы секторын қалыптастыруға және дамытуға, ұлттық валютаны енгізуге, Тәуелсіз Қазақстанның зейнетақы реформасын жүргізуге сіңірген еңбегі зор. Ол жаңа экономикалық саясаттың жолға қойылуына өлшеусіз үлес қосты. Парламент Сенатының депутаты, Қаржыгерлер ассоциациясы кеңесінің төрағасы ретінде қаржылық-экономикалық заңнаманы жетілдіру үшін ауқымды әрі тиімді жұмыс істеді», – делінген жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Дәулет Сембаевтың зор бедел мен құрметке ие болғанын және жас қаржыгерлер буыны оны үлгі тұтқанын атап өткен.