Баланың басына ауыр соққы жасалғаны және жағы сынғаны анықталды
Ақтау қаласындағы мектептердің бірінің әжетханасында 9-сынып оқушысының соққыға жығылуына қатысты Маңғыстау облыстық Білім басқармасы түсініктеме берді.
Бұған дейін соққыға жығылған баланың анасы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұлының мектепте соққыға жығылып, ауыр жарақат алғанын хабарлаған еді. Анасының айтуынша, параллель сынып оқушылары ұлынан ақша бопсалаған, ал ақша беруден бас тартқан уақытта олар баланы жұдырықтың астына алған. Ұлының денсаулығына алаңдаған ана "мектепке сау кеткен баламның қазіргі жағдайы үшін кім жауап береді?" деп ашынды.
Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген өңірлік Білім басқармасы: «Мектеп әкімшілігі оқушыға алғашқы көмек көрсетті. Оқиға мектеп инспекторы мен оқушылардың ата-аналарына ескертілді. Мектепке жедел жәрдем шақыртылды», - деп мәлімдеді.
Кейіннен баланың басына ауыр соққы жасалғаны және жағы сынғаны анықталды.
«Сол күнгі кезекші мұғалімнен, сынып жетекшілерінен аталған оқиға бойынша түсініктеме алынды. Тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған оқиға бойынша № 20 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына тәртіптік шара ретінде «сөгіс» жарияланды. Оқушыға қатысты мәселе Ақтау қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқығын қорғау комиссиясында қаралады. Комиссияның уақыты мен күні қосымша тараптарға хабарланады», - делінген басқарма мәліметінде.