Бұл бағытта цифрландыру жұмыстарының орны ерекше
Қазақстандық полицейлердің негізгі миссиясы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екені белгілі. Түрлі бағытта қызмет ететін тәртіп сақшылары қылмыстың салдарымен күресіп қана қоймайды, сондай-ақ оны болдырмаудың жолдарын да жүзеге асыруға міндетті. Ал, қылмыстың дені алкогольдік ішімдік пен есірткі пайдаланудан кейін жасалатынын ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстарға үнемі басымдық берілуі тиіс. Ендеше қазақстандық полицейлер есірткі бизнесімен қалай күресіп жатыр? Бұл сұрақтың жауабын Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елордада өткен «Есірткісіз болашақ» халықаралық ғылыми конференциясында айтты.
Аталған жиынға Ішкі істер министрінен бөлек БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының, АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің, АҚШ ӘМ есірткіге қарсы күрес басқармасының, ОАӨАҮО, Қазақстан Республикасы ҰҚК, Алматы қаласының мәслихаты мен білім және ғылым басқармасының, мемлекеттік ұйымдардың, заң қоғамдастығының, ҮЕҰ, ЖОО және өңірлік полиция департаменттерінің өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Е.Тұрғымбаев есірткінің адам денсаулығына келтіретін залалынан бөлек мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлкен кесірін тигізетінін айтты.
«Заңсыз есірткі бизнесі – бұл бүкіл әлемнің проблемасы, ол тек ұлттардың генофондына ғана емес, сондай-ақ елдерде әлеуметтік-экономикалық ахуалды қалыптастыруға және оның инвестициялық тартымдылығына қауіп төндіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында біздің азаматтардың, әсіресе жастар арасында есірткінің таралу жолына қуатты тосқауыл қою қажеттігін атап өтті. Себебі жас ұрпақтың есірткі айналымына тартылуы – ең қорқынышты дүние», – деп атап өтті ІІМ басшысы.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда есірткімен күрес жұмыстары жоғары дәрежеде жүргізіледі. Бұған жылдар бойы жинаған тәжірибе, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан цифрландыру жұмыстары себеп болған. Полицейлер есірткі трафигін ерте анықтауды, есірткіні онлайн сату жолдарын анықтауды меңгеріп, нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді екен.
Ерлан Тұрғымбаев жиынға қатысқан шетелдік және отандық сарапшыларға цифрландырудың арқасында есірткі бизнесіне қарсы жүргізіліп жатқан шаралар туралы да айтты. Мәселен жоғары технологияның арқасында қазір полицейлер есірткі өсімдіктерін ұзақ қашықтықтан-ақ анықтай алады екен. Сондай-ақ, түрлі мессенджерлер арқылы есірткі сатушыларды да дер кезінде анықтауға мүмкіндік бар.
Ғылыми-практикалық конференцияның қорытындысы бойынша сындарлы халықаралық және ведомствоаралық ынтымақтастық, сондай-ақ есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылда ортақ күш-жігерді біріктіру туралы келісімдерге қол жеткізілді.