Азиада мен Универсиада нысандары қаңырап бос тұрса да, шығыны шаш етектен

Azattyq Rýhy

Пандемия басталғалы онда мәдени іс-шаралар өткізу тоқтатылған

Кезінде Нұр-Сұлтан мен Алматыда Азиада мен Универсиадаға арнап қыруар қаражатқа спорт кешендері салынған болатын. Дүбірлі додалар өткізгеннен кейін бұл ғимараттардың коммуналдық шығындары, күтіп ұстау жұмыстары мен жылда «дәртүрлі» түрде жасалатын күрделі жөндеуге кеткен қаражат әлі мемлекет есебінен жүргізіледі. Тіпті, 2019 жылдан бастап оларды мемлекеттік құрылымдар құрған жауапкершілігі шектеулі серіктестікке беру де мемлекеттің «мойнына отырған» спорт кешендерінің шығындарын азайтып, табысын көбейткен жоқ.

«Astana Venue Management-тен» «MTEX management-ке»

2011 жылдың қаңтар айында еліміздің «Астана Арена» орталық стадионында VII Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті. Стадион 2009 жылдың жазында пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарына шамамен 182 миллион доллар жұмсалды. Заманауи техникамен жасалған стадион қысы-жазы жұмыс істеуі үшін төбесі жылжымалы шатырмен жабдықталған болатын. 2020 жылдың ақпан айында поликарбонатты плиткалармен жабылған шатырдың бір бөлігі қардың астында қалып опырылғаны есімізде. Кейін қайта қалпына келтірілді.

«Астана Арена» мемлекет меншігінде десек те, осы уақытқа дейін оның шығынын түрлі органдар өтеп келді. Мысалы, sports.kz сайтында жарияланған материалда «Астана Арена» ашылғалы бері Қорғаныс министрлігінің баланысында болса, 2012 жылы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің құзыретіне берілген. Кейін «Нұр-Сұлтан қаласының активтер және Мемлекеттік сатып алу басқармасына» қарайтын «Astana Venue Management» ЖШС 2019 жылғы қарашадан бастап 2020 жылғы тамызға дейін сенімгерлік басқаруға алған. Спорт кешендерінің «қожайыны» деген атақ бұл ұйымға ұзаққа бұйырмады, артынша 2020 жылдың тамыз айында конкурс қорытындысы бойынша «Барыс Арена», «Алау» және «Астана Аренаны» 15 жылға «MTEX management» ЖШС компаниясы сенімгерлік басқаруға алады. Бұл компания алдығы «Astana Venue Management-пен» бір мекен-жайда тіркелген. Ең қызығы, «Astana Venue Management-тің» бас директорының экономика жөніндегі бұрынғы орынбасары Асхат Мұқашев аталған жаңа компанияның директоры. Ол өзінің бір сұхбатында спорт кешендерін сенімгерлік басқаруға беру арқылы коммерциялық табыстың өсуін, сол арқылы бюджетке жүктеме төмендейтінін айтады.  

«Объектілерден түсетін коммерциялық кіріс пайдалану шығындарының 30%-ын жабуға да жеткіліксіз. Мәселен, Еуропада нысандар спорт клубтарының есебінде. Олар шығындарын өздері билет пен жарнамадан түскен ақша арқылы жабады. Ал бізде спорт кешендері коммерциялық бағытқа арналмаған», ˗ дейді Мұқашев.

Оның айтуынша, бұған дейін спорт нысандары өз шығындарын ақтай алмады. Ешқандай кіріс болған жоқ. Енді ірі спорт сарайларын сенімгерлік басқаруға беру мемлекеттің мойнына ілінген салмақты жеңілдеті алды ма деген сауал жолдағанымызда «MTEX management» директоры Асхат Мұқашев «коммерциялық құпия» дегеннен басқа ешнәрсе айтпады.

«Объектілер бойынша ағымдағы жөндеуге компания қаражатынан едәуір қаржы салды. Оның ішінде 50 000 шаршы метрден астам объектілердің үйжайларына ағымдағы жөндеу жүргізілді, объектілердің аумақтары абаттандырылды, спорт объектілеріне келушілерге орындықтар орнатылды, 180 сібір шыршасының көшеттері отырғызылды. 2014 жылдан бері жасалмай тұрған «Алау-дың» шатыры ауыстырылды», - делінген «MTEX management» ЖШС-нің берген ресми жауабында. Бұл жұмыстарға қанша қаражат жұмсалғаны, ақшаны аталған ұйым қайдан алғаны да құпия күйінде қалып отыр.

Айта кетерлігі, пандемияға дейін «Астана Арена» коммерциялық жалға беруден және шоулар мен концерттерден тұрақты табыс тауып отырған. Бірақ, жекеге өткеннен кейін жаппай іс-шараларға тыйым салынды.

Бұған дейін Sputnik Қазақстан сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, «MTEX management» ЖШС жөндеу жұмыстарына төмендегідей қаражат бөлген:

«Барыс Арена»

2020 жылдың 1 тамызынан бастап «Барыс Аренаны» жөндеуге 5,4 миллион теңге жұмсалған. Бұл қаражатқа «А» блоктың бірінші қабатындағы дәліздер, сондай-ақ «А» блогының екінші және алтыншы қабаттарындағы кабинеттер мен дәліздерді және осы блоктың трибуналарына жөндеу жүргізілген. 2021 жылдың бірінші тамызына дейін спортшыларға арналған киім шешетін бөлмелерге, жаттығу залдарына, дәліздерге, медициналық кабинеттерге, көрермендерге арналған холлдарға, қосалқы үй-жайларға, көше мәрмәр плиткаларына, «А», «В» және «С» блоктарындағы мінбелерге 25 миллион теңге сомасына жөндеу жүргізілген.

«Астана Арена»

Өткен жылдың 1 тамызынан бастап «Астана Арена» спорт кешенінің жөндеу жұмыстарына 29,3 миллион теңге жұмсалды. Бұл қаражат кешенді күрес залын бокс залына және фитнес залын жекпе-жек залына айналдыру жұмыстарына кеткен. Сондай-ақ, спортшыларға арналған киім ауыстыратын бөлмелерге, бірінші қабаттағы кабинеттер мен холлдар және дәліздерді жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Сонымен қатар, трибуналар мен шатырдың қоршау қабырғасына күрделі жөндеу жасалды. 2021 жылдың тамызына дейін көрермендерге арналған холлдар, билет кассалары мен санитарлық тораптарды 6 миллион теңгеге жөндемек.

«Алау»

Сарайда жөндеу жұмыстарына 12,3 миллион теңге жұмсалды. Осы ақшаға үстел теннисіне арналған зал, ас үй, спортшыларға арналған шешінетін бөлмелер, бірінші қабаттағы холлдар мен дәліздер, сондай-ақ кеңсе бөлмелеріне жөндеу жүргізілген.

Күту жұмыстары қымбатқа түскен спорт сарайларының жұмысы мұнымен бітпейді.  «Астана Арена» мен «Алау» мұз сарайының шатырына техникалық тексеру жүргізіліп, алдағы уақытта мамандар нысандарда күрделі жөндеу қажет деген тұжырымға келген.

«Барыс Арена», «Алау» және «Астана Аренаға» 15 жыл басшылық ететін «MTEX management» ЖШС өз табысы мен шығыны туралы ақпарат беруден бас тартқанымен, мемлекетке түскен табысынан қанша салық төлегенін анықтадық. Былтыр 21 466 464 теңге, биыл 166 009 128 теңге салық төлеген. Statsnet сайтындағы ақпарат бойынша «MTEX management-пен» былтыр 14 келісім, биыл 13 келісім жасалған. Компанияның былтырғы жоспарлы табыс көлемі – 45 млн теңге болса, биыл 244 млн теңгені құраған.

Алматыдағы ірі спорт кешендері

Алматыдағы ірі спорт кешендеріне «Алматы қаласының спорт құрылыстары дирекциясы» ЖШС иелік етеді. Бұл компания 2015 жылдың қазан айынан бастап спорт кешендеріне иелік етіп отыр. Оған «Almaty arena» мұз сарайы, «Halyk Arena» көпфункционалды спорт кешені, сондай-ақ 28-ші Дүниежүзілік қысқы студенттік ойындар үшін салынған «Атлетикалық ауыл» және «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің заманауи кешені мен «Орталық стадион», «МЕДЕУ» мұз айдыны» кіреді. Былтыр аталған спорт кешендерінің тек коммуналдық шығындарына 1 млрд 8 млн 47 мың теңге жұмсалған.

Биыл жыл басынан бері «Сұңқар» шаңғы трамплинін сумен жабдықтауға 1 млн 164 мың теңге кеткен. Былтыр электр қуатына – 28 млн 567 мың теңге, газға – 8 млн 379 мың жұмсаған. Бұл тек бір ғана спорт кешенінің шығыны, ал оның сыртында күрделі жөндеу жұмыстары тағы бар.

Универсиада, «Сұңқар» шаңғы трамплині мен Орталық стадион нысандарын ұстауға жыл сайын миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалатынын Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов те жасырмайды.

«Шығындардың аз бөлігі ғана өтеледі. Halyk Arena, Almaty Arena, Атлеттер ауылы, «Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамплиндері кешені және Орталық стадионды ұстауға кететін шығындардың 30%-ын жинауымыз керек. Олар бұл міндетті орындап жатыр», - дейді Байсейітов.

Айта кетерлігі, Almaty Arena мұз сарайының құрылысына – 38,5 миллиард теңге, Halyk Arena мұз сарайына – 23,4 миллиард теңге және Атлетикалық ауылға тағы 42,6 миллиард теңге жұмсалды.

Спорт кешендерін жекеменшік басқаруға алған компаниялар шарт бойынша спорт сарайларында спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу үшін пайдалануға беруге міндетті. Сонымен қатар, жекеменшік серіктестік қалаға спорт объектісін жылына 30 күнге тегін беріп, көп балалы отбасының балаларына тегін спортпен шұғылдануды қамтамасыз етуге, жалға алушы спорт мектептеріне жеңілдік жасауға тиіс.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы ірі спорт сарайларын басқаруға алып отырған «MTEX management» пен «Алматы қаласының спорт құрылыстары дирекциясы» компаниялары коммерциялық тұрғыдан тиімді екендерін дәлелдемесе де, әлеуметтік осал топтағы балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасап отырмыз дегенді алға тартады.

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.