Аяжан Еділованің өліміне қатысты басты сот отырысы басталды
Жас қыз биыл наурыз айында із-түссіз жоғалып кеткен болатын
Алматыда аса қатыгездікпен өлтірілген бойжеткен Аяжан Еділованың ісі бойынша басты сот отырысы басталды деп жазады Sputnik. Процесс аса ауыр қылмыстар бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта жабық режимде өтеді.
«Сот отырысы сағат 10:00-де басталады. Істе барлығы 30 том бар, 30-ға жуық экспертиза жүргізілді», - деді Аяжанның отбасының заңды өкілі, адвокат Қадыржан Ғалымжанұлы.
Айта кетейік, атышулы іс сотқа 20 қазанда келіп түскен. Алдын ала тыңдау кезінде айыпталушы алқа сотынан бас тартты. Яғни, үкімді судьяның өзі шығарады.
Еске салайық, Аяжан Еділова биыл 19 наурызда із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Ол жұмысынан шығып, үйіне оралмаған. 22 наурызда оның өлтірілгені белгілі болды. Қылмыскер бойжеткен қыздың денесін бөлшектеп, суға қайнатқан.
Күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы (Зорлау) мен 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалған.