Қарағандыда 250 отбасы шенеуніктердің кесірінен баспана алу үшін құжаттарын рәсімдей алмай жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Шенділер кезекте тұрғандардың толық тізімін қашан eGov-қа енгізетінін нақты айта алмады

Фото ашық дереккөзден

Қарағандыда шенеуніктердің кесірінен 250 отбасы мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алуға құжат рәсімдей алмай жүр. Өйткені олардың деректерін әкімдіктегілер электронды үкімет порталына енгізбеген, деп хабарлайды КТК арнасы.

Көпбалалы, жалғызбасты, мүгедек бала асырап отырған отбасылар неше айдан бері «Бақытты отбасы» мемлекетік бағдарламасына құжат өткізе алмай сандалып жүр. Олардың екі пайыздық өсіммен баспана алуға мүмкіндігі бар екен. Бірақ екі ай бойы Халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Мұқтаж отбасы ретінде пәтер кезегінде тұрғанын дәлелдей алмай отыр. Өйткені әкімдіктің құжатында бар тізім, электронды порталда көрсетілмеген.

 «Әкімдікте Қарағанды қаласында кезекте тұрмыз. Бірақ eGov-та мен жоқпын. Сол басты проблема болып тұр. «Отбасы банктен» үй алайын десем,  eGov-та  жоқпын.  Үкіметтен, басшылардан тегін үй сұрап отырған жоқпын. Өзім төлей алатындай үй сұрап отырмын», - дейді  Қарағанды қаласының тұрғыны Гүлім Кеңесбай.

Шенеуніктер өз кінәсін мойындайды. Бірақ кезекте тұрғандардың толық тізімін қашан eGov -қа енгізетінін айта алмады.

«2020 жылы Қазақстанда кезекте тұрғындардың ортақ базасы құрылды. Техникалық ақауға байланысты Қарағандыда кезекте тұрған тұрғындардың бірқатары сол тізімге енбей қалған. Біз ол тізімді қайта дайындап, бағдарлама құрастырушыларға жібердік. Қазір солардың қолында», - дейді Қарағанды қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Әділ Әубәкіров.