Артур Матис-Сиразеев қазақстандық шенеуніктің плагиатпен айналысып отырғаны туралы пост жариялады
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Арман Тұрлыбек «Чистомэн» деген атпен танымал ресейлік блогердің жазбасын ұрлаймын деп ұятқа қалды.
1 қаңтар күні «Чистомэн» - Артур Матис-Сиразеев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандық шенеуніктің плагиатпен айналысқаны туралы жазды. Онда ол өзінің күндіз ғана жариялаған жазбасын артынша Арман Тұрлыбек деген қазақстандық шенеуніктің өз атынан жариялағанын айтып, жазбаны скрин-көшірмесін оқырмандарына көрсеткен.
«Қазақстанның Экология министрлігінің Су ресурстары комитетінің өкілі Фейсбук пен Инстаграмдағы өз парақшасында аулаларды жаңажылдық отшашу қалдықтарынан қалай тазалап жатқанын айтыпты. Бірақ, тек мен жариялаған мәтін мен суреттерді ғана пайдаланған. Бұл жағдайға таңғалып отырмын десем, ештеңе айтпағаным шығар... Мені бәрінен де авторлық контентті ұрлау фактісі ашуландырып отыр. 2020 жыл басталмай жатып осындай деңгейдегі шенеуніктердің ұрлықпен айналысқаны ұят нәрсе екен», – дейді блогер.
Су ресурстары комитетінің басшысы Арман Тұрлыбек өз парақшаларында блогердің жазбасын тек соңғы сөйлемдерін ғана сәл өзгертіп, сөзбе-сөз көшіріп басқан, әрі блогер салған суреттерді дәл солай етіп өз атынан жариялаған.
Екі жазбада да көшелер мен аулалардың соғыс жүріп өткендей әсер қалдыратынын, айналаның бәрі атылған отшашу мен шартылдақтан қалған қалдыққа, шашылған бөтелкеге толы екені жазылған.
«Ең жаманы, осындай отшашуларды атқанда бөлінетін пластик қалдықтарының ауада қалып қоятыны, сөйтіп көктемге дейін жататыны. Отшашу нұсқаулығында: «Пайдаланған соң қоқыс жәшігіне апарып салыңыз» деген басты сөздің жазылмай кеткені өкінішті. Шашылып жатқан қалдықтың бәрін шамам келгенше қоқыс жәшігіне апарым салып келдім. Достар, маған сіздердің қолдауларыңыз керек», делінген жазбаларда.
Әлбетте, қазақстандық шенеуніктің бұл әрекеті Артур Матис-Сиразеевті Ресей қоғамы үшін пайдалы істер атқарып жүргені үшін жақсы көретін әрі оның әрбір бастамасы үшін әрқашан қолдау білдіріп отыратын оқырмандарының ашу-ызасын тудырған. Олар шенеунік әрекетін қатты сөгіп, оның Фейсбук және Инстаграм парақшаларында ашулы пікірлер қалдыруда. Кейбір оқырман автордан кешірім сұрауды талап етіп жатса, енді бірі «Ең қорқыныштысы, шенеуніктің қоқыс тазаламақ түгілі, жылы үйде отырып алып, пост ұрлаумен айналысқаны» деген ойларын жазуда.
Ал Арман Тұрлыбек көп ұзамай өзінің плагиат-жазбасын әлжелілердегі парақшаларынан алып тастапты.
Айта кетсек, «Чистомэн» деген атпен танымал болған Артур Матис-Сиразеев – Ресейдегі және жақын шетелдердегі жүздеген қалада еріктілер қолдауымен жүзеге асып жатқан қоқыс жинау жобасының авторы. Ол 2015 жылдан бері қоқыс қалдықтарын жинап-тазалаумен және айналасындағыларды тазалыққа шақырумен айналысып келеді. Әрдайым бетін жасыл маскамен бүркеп жүруімен ерекшеленетін жас жігіт өз туған қаласы Челябинскмен ғана шектелмей, Ресейдің өзге қалаларына да сапарға шығып, рейдтер жасап тұрады. Бүгінде оны қолдаушылар саны бірнеше миллионға жеткен, тіпті, өзге елдерден де өздерін «Чистомэн ізбасарларымыз» деп атаған еріктілер оның ісін жаппай жалғастыра бастаған.