«Әкімдік естімейді, полиция жезөкшелерді қорғаштайды»: Қызылорда тұрғындары арызын кімге айтарын білмей жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Әбден тозығы жеткен үйді әкімдік апатты деп танымаған

Қызылорда қаласында «Автовокзал» шағынауданының тұрғындары апатты үйде тұрып жатыр. Қаланың ортасында болса да бұл көп қабатты үйлерде не су, не дәретхана, не жылу, не көгілдір отын жоқ. Екі қабатты ескі үйлердегі елуден астам отбасының зарына әкімдік әлі күнге дейін құлақ аспай келеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Салынғанына алпыс жылдан асып кеткен көппәтерлі үйдің тұрғындары әлі күнге қиындық көріп келеді. Қаланың ортасында тұрсақ та, қараусыз қалған алыс ауылдың деңгейінен жағдайымыз төмен дейді тұрғындар.

«Үйлердің шатырынан су ағады. Қыстың қары мен жаңбыр біз үшін нағыз азап. Үйдің жан-жағы, іргесі, қабырғалары көгеріп кеткен. Балалар ауру, жиі ауырып қала береді. Кейбір адамдар бұл жерде өмір сүру қиындаған соң пәтерлерін тастап, басқа жақта үй жалдап тұрып жатыр. Айналаның бәрі лас. Кеште, түнде балаларды дәретханаға да жібере алмаймыз. Тұрғындарға арналған дәретхана далада, оның маңайына кеш болса маскүнемдер толып кетеді», - деді Ғалымжан Қалдыбекұлы есімді тұрғын.

Бұл үйлердің қолданысқа берілгеніне 61 жылдан асқан. Электр сымдары да әбден ескіргендіктен өрт те жиі шығады. Ескірген екі қабатты үйлер Бөкейханов даңғылының бойында, автовокзалдың қасында орналасқан. Тұрғындар әкімдіктен үйді апатты деп тану туралы талап етіп келеді. Бірақ не қалалық, не облыстық әкімдіктен жауап жоқ.

«Су да жоқ, кәріз жүйесі де жоқ. Әлі күнге дейін көмір жағамыз. Мұндай екі қабатты оннан астам үй бар. Электр сымдары ескіргендіктен өрт те болып тұрады. Үйлердің қабырғалары, едендері шіріп құлап жатыр. Демалу мүмкін емес. Қаланың орталығы болса да маскүнемдердің тұрағына айналған. Автовакзалға тиіп тұр. Апаттық жағдай деп тануға әкімдік рұқсат бермей тұр. Әлі де тұра беріңдер деді. Кез келген уақытта құлауы мүмкін. Қорқынышпен өмір сүріп жатырмыз. Есіктері қурап кеткен. Кейбір үйлер орталық жылытуға да қосылмаған. Біздің үй орталық жылу жүйесіне қосылса да қосымша электр пешін қосып отырамыз, суық», - деді Алтынгүл Дүйсенова есімді тұрғын.

«10 жыл бұрын әкімдіктегілер айтқан еді: бұл үйлерің ескі, тұруға жарамсыз деп. Содан бері әлі шешілмей келеді. Қоқыс жәшігі де жоқ. Қалдықтарды ұят болса да көшеге, орталық даңғылға шығарып пакетпен іліп қоямыз. Пәтерлерде дәретхана тұрмақ жуынатын душ та қарастырылмаған. Еден мен баспалдақ ағаштан жасалған, шіріп жатыр шетінен», - деді Ғалымжан Қалдыбекұлы.

Жуырда жеке компания ескірген әр пәтерді 7 миллион теңгеден сатып алып, орнына жаңадан көпқабатты үйлер салмақ болған. Халық оған қуана келіскенмен, бизнес нысандарының қожайындары ақыны азсынған. Сауда дүкендері мен халық ортақ тіл табыса алмай жүргенде, әлгі инвесторлар жоспарынан айнып қалған. Қиын жағдайда қалған халықтың арызына қатысты Қызылорда облысының, не қалалық әкімдіктің өкілдері нақты жауап бермеді.

«Самғау» деген асхана бар. Күні-түні шу, жезөкшелердің ордасы. Асхана, тамақтану орны деп тұрғанмен, шындығында жезөкшелерді жалдайтын орталық. Біздің шағын ауданда бұндай кафе, асхана атын жамылып жұмыс істейтін екі орын бар. Төбелес шыққанда полиция келеді, бірақ жезөкшелерді тоқтатуға құлықты емес. Тұрғындар полицейлердің өзі сол жезөкшелермен байланыста деп айтады. Қанша жылдан бері айтып, арызданып жатсақ та, полиция ол жердегі притондарды жаппай отыр. Біз сол жезөкше қыздардан полиция ақша тауып отыр деп ойлаймыз. Оны халық та біледі. Полиция тиіспей, керісінше қорғағандықтан, тәнін саудалаған қыздар да қысылмайды», - деді Жанар Ысқақова есімді тұрғын.

Әмірболат Құсайынұлы, Қызылорда