Қарағандыда әйелдің өліміне себеп болған аттракцион нұсқаушысы жеңілдік сұрады

Автор: Azattyq Rýhy

Ол тергеу аяқталғанға дейін бұлтартпау шарасын үй қамауына ауыстыруды өтініп отыр

Фото ашық дереккөзден

Қарағандыда әйел өліміне әкеп соққан роуд-джампинг атттракционының 32 жастағы нұсқаушысына тергеу кезінде «қамауда ұстау» санкциясы бекітілген болатын. Айыпталушы сот алқасынан аталмыш шешімді қайта қарап, үй қамауына немесе ешқайда кетпеу туралы қолхат алу ретінде жеңілдетуді сұрады. Алайда апелляция алқасы санкцияны өзгеріссіз қалдырды.

«Қарағанды тергеу сотының «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулысы өзгеріссіз қалды. Апелляциялық шағым қанағаттандырылмайды», - деп мәлімдеді облыстық сот.

 Ұсталған азамат тергеу аяқталғанға дейін тергеу изоляторында болады. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 306-бабы «Адам өліміне әкеп соққан, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету» бойынша тергеледі. Сот-медициналық сараптама, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.