Сырдария өзенінде су деңгейі төмендеп барады

Автор: Azattyq Rýhy

Қызылорда халқы осылай деп дабыл қағуда

Фото ашық дереккөзден

Қызылорда облысы Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан. Егер өзен сарқылса, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да төмендейді. Сондықтан қызылордалықтарды бұл мәселе қатты алаңдатып отыр, деп хабарлайды Stan.kz.

Мамандардың сөзіне сенсек, су деңгейінің төмендеп кетуіне Шардара су қоймасынан келіп жатқан тіршілік нәрі көлемінің аздығы себеп. Қыркүйек айынан бастап өткен аптаға дейін секундына 30 текше метр су келген. Қазір оның көлемін 50 текше метрге дейін көбейтуге мүмкіндік туды. Дегенмен, бұл мәселені шешпейді. Сырдарияның ендігі тағдыры көрші елдердің су саясатында ұстанатын позицияларына тікелей байланысты болмақ.

"Сырдария өзеніне қатысты мәселе өте күрделі. Аталмыш проблеманы шешу мақсатында біз еліміздің Премьер-министрі мен Экология, геология және табиғи ресурстары министрлігіне арнайы ұсыным-хат жолдадық. Бұл құжатта Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан мемлекеттерімен Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу мәселесіне қатысты келіссөздерді жүргізу маңыздылығы көрсетілген. Өзекті мәселені республикалық деңгейде қозғап, шешу қажет деп ойлаймыз", - деді Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов.

Қазір Сырдарияның жағдайы арнайы құрылған халықаралық комиссияның бақылауында.