СҚО-да элеватор жұмысшылары ақпан айынан бері жалақы ала алмай жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Оларға зейнетақы медсақтандыру да аударылмаған

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы «АгроПродукция – 2017» серіктестігінің жұмысшылары ақпан айынан жалақыларын ала алмай жүр. Былтырдан бері көпшіліктің зейнетақы мен медициналық сақтандыру қорына ай сайынғы міндетті жарна да аударылмаған. Жұмысшылар борышкердің үстінен құзырлы орындарға шағымданды. Алайда, әзірге нәтиже жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ЖҰМЫСШЫЛАР ЕҢБЕК КІТАПШАСЫН АЛА АЛМАЙ ЖҮР

Атышулы элеватор Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында орналасқан. Егін орағы аяқталар шақта астық қабылдау орнында жылдағыдай қарбалас жоқ. Ұзақ уақыт бойы «Айыртау астық» деген атаумен жұмыс істеген компания қазір «АгроПродукция – 2017» деп аталады. Жұмысшылар оны серіктестіктің қарызы көбейгендіктен меншік иесі басқа ұйым ашып, жұмысты жалғастырғанын айтады. Ал, қазір есіктеріне мөр басылып, ішке кіруге тыйым салынған. Күзетшілер жұмысшыларды да элеватор маңына жолатпайды. Компания Саумалкөл ауылы бойынша 34 адамға 15 млн теңге қарыз. Олар құжаттарын алып, басқа жұмысқа орналасу үшін кеңсеге кіре алмай жүр.

«Өндіріс тоқтап тұр. Адамдар жұмыс істеуден бас тартып жатыр. Басшылық қарызды қайтарамыз деп апта сайын уәде етеді. Біз бас директор Мәжит Сабыровтың үстінен полицияға арыздандық. Бізге оның Алматы қаласында тұратыны ғана белгілі. Менің екі балам бар, екі несием бар. Ұл-қызымды мектепке жіберу мұң болды. Киім-кешек, дәптер-қалам алу керек. Қыс жақындай отын-көмір аламыз. Күйеуімнің табысына ғана күн көріп отырмыз. Бір жалақы 4 адамнан тұратын отбасына жетпейді. Жағдайымыз қиын. Құзырлы органдар істі баяу қарап жатыр», - дейді өндірістік-технологиялық зертхана меңгерушісі Анжелика Беляева.

Сонымен қатар, Мәжит Сабыровтың қарамағында «Жаңа астық», «Жарқын-СК» серіктестіктері бар. Соңғысы 5 ауыл тұрғындарының 42 мың гектар жерін жалған құжат жасау арқылы кепілге қойып, несие алған. Үш ай жүргізілген тергеу барысында үлескерлердің хаттамаға қол қоймағаны дәлелденген. Ауыл тұрғындары құжатқа қол қоймақ түгілі, оны көзімен де көрмеген. Алайда, жер әлі күнге өз иелеріне қайтарылған жоқ. 600 млн теңге уақытылы қайтарылмағандықтан, Аграрлық несие корпорациясы жерді аукционға шығарған. Серіктестік басшылығы халық пен банкке саламын деп уәде еткен элеватордың іргетасы да қаланған жоқ.

ЕКІ ЖЫЛДАН БЕРІ ЖҰМЫСШЫЛАРҒА ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАРНАСЫ АУДАРЫЛМАҒАН

Банк пен халық алдына белшесінен қарызға батқан компанияның заңсыз әркетінен зиян шеккендердің бірі – Светлое ауылының тұрғыны Сайран Ысқақов. Әріптестерімен бірге бұрынғы «Айыртау астықтан» берешегін ала алмай жүр. Серіктестік соңғы екі жыл бойы зейнетақы жарнасын ұстап қалып отырғанымен, тиісті есепшотқа айдармай, өз қалталарына басқан.

«Жалғыз мен емес, жұрттың жанайқайы бұл. Сабыровтың заңсыз әрекетінен жапа шеккендер жетерлік. Өзім өмір бойы еңбек етіп, зейнетақының ең төменгі мөлшерін алып жүрмін. Рәсімдеген кезде ғана білдім, жарна мүлде аударылмаған екен. Енді кеш. Жарна түгіл, жалақымызды да көре алмай жүрміз», - дейді Сайран Ысқақов.

Біріңғай медициналық сақтандыру қорына да тиісті ақша түспеген. Сондықтан көпшілік тегін дәрігерлік көмектен де қағылған.

«Элеваторда жұмыс істегеніме біраз уақыт болды. Басшымыз ауысқалы жағдай қиындады. Бастапқыда бәрі жақсы болатын. Ақшаны уақытылы алып келдік. Кенеттен ауырып емдеу мекемесінен бірақ шықтым. Жағдайым ауыр болды. Жансақтау бөлімінде жаттым. Медициналық сақтандыру қорына жарна аударылмағанын сонда ғана білдім. Сұрасақ, «ұнамаса кетіңдер» дейді. Неге жұмыстан кетуім керек? Өз міндетімді орындаймын. Ішкі ережелерді бұзған жоқпын. Жалақымды уақытында берсін. Қазір жұмыс табу да оңай емес. Әйелім бала күтімімен үйде отыр», - дейді Асхат Құспанов есімді жұмысшы.

ТҰРҒЫНДАР ПРЕЗИДЕНКЕ ШАҒЫМ ЖОЛДАДЫ

Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметінше, «Айыртау-Астық» серіктестігі әкімшілік жазаға тартылған. Банк шоттары мен касса бойынша шығыс операциялары уақытша тоқтатылған.

«Айыртау-астықтың» директорын аудан орталығына шақырттық. Комиссия құрылды. Мәселені талқыладық. Хаттама толтырып облыстық Еңбек инспекциясына жолдадық. Мамандар аудан орталығына келді. Елімізде мораторий жарияланғандықтан тексеріс аша алмады. Мәжит Сабыров табылмады. Олардың бірнеше ауыл тұрғындарына қанша қарыз екенін білмейміз. Аудандық әкімдік бұл мәселеге мониторинг жүргізбейді. Жұмысшылар өздері құзырлы органдарға арызданып, мәселені соңына дейін жеткізуі керек», - дейді Айыртау ауданы әкімінің орынбасары Едірес Жанапин.

Облыстық прокуратура жалақы төлемеу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Алайда жұмысшылар істің баяу жүріп жатқанына наразы.  Маңдай термен тапқан еңбекақыларын ала алмай жүрген көпшілік ел Президентіне шағым жолдады.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО