Жоғары оқу орындары оқытушыларының заңсыз сыйлық алғаны үшін жазаны күшейту ұсынылды

Автор: Azattyq Rýhy

Мұндай ұсынысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жасады

Фото ашық дереккөзден

Агенттік төрағасы Марат Ахметжановтың айтуынша, жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық әрекетінің ең көбі Атырауда – 24%, Нұр-Сұлтан – 20%, Шымкент – 12,5%, Алматы қаласы мен облысында – 12%, Маңғыстау – 10% және Түркістан – 9% облыстарында жасалған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Көбінесе бейресми төлемдердің 64%-і сессияны жабуға, 14%-і университетке түсу үшін берілген. Әрбір үшінші жағдайда ЖОО қызметкерлері, өзгесінде делдалдар мен үшінші тұлғалар қатысумен болған. 95% жағдайда сыйлық түрінде 5 мыңнан 200 мың теңгеге дейін ақша берілген. Гүл немесе тәттілер де бар. Сауалнамаға қатысқандардың 28%-і "басқа амал жоқ" деп жауап берсе, ал әрбір бесінші адам "бұл мәселені шешу ыңғайлы әрі оңай жолы" екенін айтқан", - делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Соған байланысты агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Сол құжат аясында мемлекеттік емес ұйым қызметкерінің заңсыз сыйлық алғаны үшін жауапкершілікті көздейтін қылмыстық кодекстің 247-бабы ("Заңсыз сыйақы алу") бойынша санкцияларды күшейту ұсынылды. Бұл тізімге жоғары оқу орындарының оқытушылары да кіреді.

"Бұл осындай жағдайларды теріс қылық санатынан орташа ауырлықтағы қылмыс санатына ауыстыруға мүмкіндік береді", - деп хабарлады агенттік.