Үлкен қалаларда пәтерді жалға алу құны бірден 30 пайызға өскен

Автор: Azattyq Rýhy

Ал сатып алу бағасы 10-15 пайызға шарықтаған

Фото ашық дереккөзден

Кез келген ғаламтор желісіне кірсеңіз, үй бағасының аспандап тұрғанын байқауға болады. Бұл туралы Алматы арнасы хабарлады. Қаладағы қарапайым 1 бөлмелі пәтердің өзі мұнда 180 мың теңге мен 200 мың теңге шамасында бағаланады. Ал 2 бөлмелі үйді жалға алу 300 мың теңгеге жуықтайды. Мамандар бұған студенттердің маусымдық сұранысы мен нарықтағы элиталық тұрғын үйлердің көптігі себеп дейді.

Ал қалалық риэлторлар қауымдастығының басшысы қазіргі баға қыркүйек айымен салыстарғанда біршама тұрақталғанын айтады. Алайда пәтер іздеуге арналған сайттарда мұның бірі де байқалмады.

«Осыдан 2 ай бұрын пәтер бағасы 20-30 пайызға қымбатса, қазіргі таңда қаладағы баға біршама тұрақталды. Үйдің шарықтау себептерінің бірі – айналымдағы ақшаның құнсыздануы және құрылыс материалдарының қымбаттауы. Себебі, қажетті жабдықтардың 50-60 пайызы шетелден келеді», – дейді қалалық риэлторлар қауымдастығының президенті Нұрлан Алыбаев.

Мамандардың айтуынша, кей үй иелері 100 мың теңгеге жалға беру туралы хабарландыру шығарса, 2 күннен соң баға 150 мың теңгеге дейін өскен кездер болды дейді. Яғни, пәтер иелері карантин уақытында жоғалтқан пайдасын жылдам қайтару үшін осындай шешімге келеді екен. 

«Қымбатшылықтың екінші себебі, елдегі демографияның өсуі. Яғни халық саны күннен-күнге артып келе жатыр. Одан бөлек, жекеменшік жоғары оқу орындарының артуы да үй бағасының өсуіне әсер етеді. Мұндай білім ордаларында жатақхана болмағандықтан, пәтерге деген сұраныс жоғары болады», – деді экономист Мақсат Сералы. 

Айта кетейік, осы уақытқа дейін бір бөлмелі пәтердің құны 60 пен 100 мың теңге аралығында болатын. Келмеске кеткен бағаның қашан тұрақталатыны нақты белгісіз.