Емдеу мекемелері 2013-2014 жылдары қазынаның қыруар қаражатына тұрғызылған
Апатты жағдайда тұрған екі бірдей аурухананың ұжымы басқа ғимаратқа уақытша көшіріліп, халықты ескі һәм тар жерде қабылдауға мәжбүр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Ал осы сиқы кеткен амбулаторияларды сенімгерлік басқаруға алған комания күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді бастап кетті.
Нұра ауылындағы аурухана 2014 жылы пайдалануға берілген. Бірақ небәрі жеті жылдан кейін медициналық мекеме жарамсыз күйге түсті. Ғимараттың сырты бүтін болғанымен, мұнда ақ халаттылар науқастарды қабылдамайды. Өйткені аурухана апатты деп танылған. Қазір мұнда жөндеу жүргізіліп жатыр. Жұмысшылар осыған дейін қақыраған қабырғаны бұзып, қайта қалпына келтірмек. Емдеу мекемесі «350 дәрігерлік амбулатория және фельдшерлік пункт» атты мемлекеттік бағдарлама аясында бюджеттің 154 млн теңгесіне салынған.
Ғимарат құлағалы тұрған соң аурухананың қызметкерлері бұрыңғы амбулаторияға уақытша көшірілген. Нұра ауылының тұрғындары жарты ғасыр бұрын салынған ескі әрі тар нысанда қысыла-қымтырылып медициналық көмек алуға мәжбүр.
Ал Талғар ауданында мемлекеттің 101 млн теңгесіне салынған амбулатория да апатты жағдайда. Бой көтергеніне 10 жыл да толмаған Белбұлақ ауылындағы медициналық мекеменің де қабырғасы қарыс-қарыс ашылып, ақ халаттылардың үрейін ұшырыпты. Ғимараттың сырты да сөгіле бастаған. Аталған аурухананың ұжымы да амалдың жоқтығынан басқа жерге көшуге дайындалып жатыр.
Шенеуніктер жұмысын шала атқарған мердігер компаниялар жауапқа тартылмайды деп қысқа қайырды. Облыстық құрылыс басқармасының бұл шарасыздығы мердігер компаниялардың оң жамбасына келетіні сөзсіз. Олар «іс бітті, қу кеттінің» керін тағы келтірмейтіне ешкім кепілдік бермейді. Елімізде сапасыз құрылыстың сұрауы болмаса іс оңалмай, бұл саланың кері кететіні айдан анық.