Университетке тиесілі жерді сату кезінде күдіктілер қайтыс болған адамның қолын пайдаланған болуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Мұндай дәлелді заңгер Бақытжан Базарбек келтіріп отыр

24.kz

Алматы облысы, Кемертоған ауылына қарасты «Таңдаулы сенім» саяжай қауымдастығының жерін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті даулап отыр, деп хабарлайды 24.kz арнасы. Арызданушы тарап жер телімдерінің заңсыз сатылғанын алға тартады. Ал жерді адал ақшасына сатып алған тұрғындар біздің тағдырымыз қалай болмақ деп алаңдауда.

«Таңдаулы сенім» саяжай қауымдасытығында қазір 70-тен аса шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ұлтарақтай жерімізді табан ақы, маңдай терімізбен сатып алғанбыз дейді ашынған тұрғындар. Қолдарында тиісті құжаттары да бар. Олардың алды жерді 2018 жылы сатып алған. Алайда тұрғындардың бірі үйін сатпақшы болғанда мүліктің арестте тұрғаны анықталады.

Кемертоған ауылы «Таңдаулы сенім» саяжайының тұрғыны Асылбек Бекмұрат: «Біз оны заңды түрде алғанбыз, бұл біздің жеріміз. Біз тұрып жатырмыз, үйімізді салып алғанбыз. Ал енді келіп университет біздің жеріміз дегенді айтады. Заңды түрде біздің жеріміз. Мемлекеттік актіміз қолымызда бар», – дейді.  Сол құжатқа қатысты Қарасай ауданы әкімдігіне хабарласқанымызда, тергеу амалдарының жүріп жатқанына байланысты ешқандай жауап бере алмайтындарын жеткізді.

Заңгер, жер телімдері бойынша құқықтық сарапшы Бақытжан Базарбек бұл хат шындыққа жанаспайды дейді. Хат қылмыстық істің материалы ретінде тіркеліпті.

«Біріншіден, ол хаттың нөмірін алсаңыз, ол нөмір бойынша Қыздар университетінің ішкі құжаттамасы бойынша басқа хат тіркелген. Бұл – хаттың жалғандығының бір белгісі. Екіншіден, университет атынан әзірленетін хаттар тиісті түрде бланкпен әзірленуі тиіс. Үшіншіден, хатқа қол қойған адам қайтыс болған. Яғни қайтыс болған адамның атынан жалған хат әзірлеп, дәлел ретінде көрсетіп жатыр», – дейді Бақытжан Базарбек.