Қазнетте «балаларды КВИ-ға қарсы вакциналау ауылдық округтерден басталады» деген ақпарат тарады
Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды

Ғаламторда тараған ақпаратта ауыл тұрғындарының иммундауға арналған препараттар мен олардың жанама әсерлері туралы ештеңе білмейтіні, сондықтан осындай шешім қабылданғаны айтылады. Бірақ бұл мәлімдеме жалған, деп хабарлайды Stopfake.kz.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Бүгінгі күні 12 жастан асқан балаларға қолдануға рұқсат етілген Pfizer/BioNTech вакцинасы Қазақстанға әкелінбеген. Балаларды вакцинациялау жоспары да жоқ. Балаларды вакцинациялау ата-аналардың ақпараттандырылған келісімі бойынша ғана жүргізіледі және баланың тұрғылықты жеріне байланысты болмайды», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Айта кетейік, қазақстандықтар балаларды COVID-19 қарсы вакцинациялауға байланысты фейктерді бұған дейін де таратқан. Олар вакциналарды балаларға мектеп асханаларында сүт өнімдеріне қосып, береді деп жазған болатын. Кейіннен балаларға препаратты мұрынға арналған спрей түрінде егетіні, сондай-ақ иммундауға арналған препараттарды манту сынамасы түрінде салатыны жайлы фейктер таратқан. Бұл ретте жалған ақпараттың авторлары ата-аналарды балаларды вакцинациялаудан бас тартқаны үшін психиатриялық клиникаларға жатқызады деп қорқытқан.