Өйткені компания тұрғын үй құрылысын уақытында аяқтамаған
200 үлескердің басым бөлігі жалғыз баспанасын сатып, 2 жыл бойы пәтер жағалап жүр, деп хабарлайды inbusiness.kz. Пәтер құнын толық төлеген үлескерлер үйдің қабырғасы түгілі іргетасы да қаланбағанына наразы. 2019 жылы жасалған келісімшарт бойынша «К7 GROUP» құрылыс компаниясы пәтерлерді 2020 жылдың маусым айында бітіруі тиіс еді.
Үлескер Перизат Әділханованың айтуынша, барлық мүлкін сатып, 30 млн тг салған. Қазір пәтер жалдап тұрады. 4 баласымен сыймай, бірінші тоқсанда 3 мектеп ауыстырып үлгерген. Нарызылыққа шыққаннан басқа шарасы қалмаған.
Ал мердігерлер болса, құрылыстың кідіруіне пандемия себеп болғанын жеткізді. Бірақ, жұмыс қайта жандана бастаған.Тұрғын үйді келесі жылдың басында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Құрылыс компаниясының өкілі Бақыт Меңдібаев: «Қаладағы жабын плитасын шығаратын мекеменің өнімі жетпей қалды. Құрылыс материалдары болмады. Қазіргі таңда мекеме басшылығы осы тығырықтан шығу мақсатында өндірістік аумақтан цех сатып алып жатыр. Қосылған сәттен бастап, осы салынып жатқан нысанға қажетті плитаны жеткізуге мүмкіндігіміз болады»,- дейді.
Үлескерлер құрылысты аяқтау мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілгенін айтады. Құрғақ уәдеден мезі болған үлескерлер мәселе тез арада шешілмесе облыс әкімі мен прокуратураға шағымданбақ.