Кәмшат Қыстаубаеваның үстінен тексеріс жүріп жатыр
Алматы облысында бұрынғы жұмысшысынан қомақты ақша өндірмек болған мектеп директоры лауазымынан босатылды деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі аудандық Білім бөліміне сілтеме жасап.
Көп балалы ана Ұлболсын Қыстаубаева Сарыөзек кентіндегі Күреңбел орта мектебінде еден жуушы болып жұмыс істеген. Біздің редакцияға арызданып келген әйел бастығына ай сайын жалақысының бір бөлігін беріп келгенін айтқан еді. Мақала жарияланғаннан кейін мектеп директоры оны сотқа беріп, 3 млн теңге көлемінде өтемақы өндіріп алмақ болған. Бірақ, сот бұл істі қысқартып тастады.
Айта кетейік, Күреңбел орта мектебінде директор болған Кәмшат Қыстаубаева бұған дейін де өзге әріптестерімен соттасып, үнемі жеңіп келген. Алайда, бұл жолы жеңу былай тұрсын, ол қызметінен айырылды. Басшылық директордың әрекетін шектен шығу деп бағалапты.
«Қыстаубаеваға қызметінен өз еркімен кету туралы ескерту айтылған. 9 қазанға дейін уақыт берілген. Алдында да сөгіс алған екен, кейін қатаң сөгіс алды. Бұндай әрекеттері үшін арадағы келісімшартты тоқтатуға заң жүзінде толық құқылымын. Қазір К.Қыстаубаеваның үстінен қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Өзі де жан-жаққа арызданып, тыныш жүрмейді. Орнымнан кетпеймін деп қарсылық білдірді. Сабақ уақытында өзінің жақтас мұғалімдерін білім бөліміне жіберген. Митинг өткізген мұғалімдер «директорды өзімізге қайтар» деп келіпті. Ұстаздардың міндеті – балаға білім үйрету, дау қуып, директорды алғызу немесе тағайындату емес. Күреңбел мектебі оның жекеменшігі емес», - деді Алматы облысы Кербұлақ аудандық білім бөлімінің басшысы Қайсар Сейтқожаев.
Кәмшат Қыстаубаева Күреңбел орта мектебі ашылғалы директорлық лауазымда отырған. Мектеп басшысына қатысты бірнеше рет аудиторлық тексеру жүргізіліп, қаржылық кемшіліктер табылған. Тексеру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Мектепті жылытуға деп бөліген мыңдаған литр дизельдің тиімсіз «жұмсағаны» анықталған.
«Қыстаубаева мектепті 2016 жылдан бері басқарып келді. Ол қазір өзіне қатысты шыққан бұйрықпен келіспеймін деп кетті. Тағы да соттасатын шығар. Алдындағы ескертулермен де келіспейтінін білдіріп, қарсылық қағазын жазған. Оны қызметінен босатуға екі рет тексеру жүргізген комиссияның қортындысы мен соңғы кездері қоғамға тарап кеткен даулар негіз болды. Директордың қатысуымен болып жатқан жағымсыз әрекеттер облыстық білім басқармасы және аудандық білім бөліміне, жалпы білім саласының беделіне нұқсан келтірді. Бірінші комиссияның тексерісінде мектептің бағын күтіп баптауға деп штатқа 4 адамды жұмысқа артық алғаны анықталды. Шындығында мектеп ауласында бақша жоқ. Бағбандар артық. Қазіргі аудиттік тексеру комиссиясының қортындысында 4426 литр дизель отынының тиімсіз жұмсағаны анықтаған. Үш жыдан бері әріптестерімен дауласып, соттасып келеді. Даудың арқасында арыз түседі, арыздың нәтижесінде кемшіліктері анықталған», - деді Кербұлақ аудандық білім бөлімінің бас маманы Гүлжанат Сағатова.
Қазір Қыстаубаеваның орнына Әйгерім Түлембекова уақытша басшылыққа келді. 120 мұғалімі бар Күреңбел мектебіндегі ауыр ахуалды дұрыстау үшін басшылар тағы да жиналыс өткізбек.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы