Бұл статистика қуған шенеуніктердің былығы ма?

Автор: Azattyq Rýhy

Өскемендік ерлі-зайыптылар екпе алмаса да, Ashyq-та "жасыл" мәртебеге ие болған

Фото ашық дереккөзден

 Марина Титова екпе алмаған жолдасы екеуінің телефондарына кезек-кезек вакцинаның бірінші компонентін алғаны жөнінде смс келсе, араға күн салып толық вакцина алғаны жөнінде Egov порталынан екінші смс хабарлама жіберілген, деп хабарлайды КТК арнасы.

Онда олардың 14-16 қазан аралығында Өскемендегі емханалардың бірінде  екпе салғызғаны айтылған. Бірақ ерлі-зайыптылар бұл кезде сал ауруына шалдыққан баласын емдетуге Нұр-Сұлтан қаласында болғанын айтады.

«Біз бұл уақытта Нұр-Сұлтанда болдық. Әрі жұма күні жолдасымыз екеуіміз қаладағы сауда орталықтарынан баламызға қажет заттарды сатып алуға барғанбыз. Күзеттегілер бізден Ashyq мәртебесімен кіруді талап етті. Сөйтіп аталған қосымшамен тексерілсем, менде «жасыл», жолдасымда «көк» мәртебе шығып тұр. Алғашында бұл жағдайға таңырқай қарағаныммен, мән бермедім. Ертеңіне баламызды қаратуға барған медициналық орталықта жолдасым екеумізде де бірдей "жасыл " мәртебе көрсетіліп тұрды. Содан  бұл жерде бір қателік барын байқап, дер кезінде айтайық деп бекіндік. Қазір біз қайтадан "көк" статусты қайтарғымыз келеді. Тек мамандар өзімізге жала жаппай, жағдайды реттеп берсе болғаны», - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Марина Титова.

Осылайша екпе куәлігін ақша беріп қолдан жасатпағанын айтып ақталған ерлі-зайыптылар бұл жағдайда бір шикілік бар екенін сезеді. Шығыс Қазақстан облысының денсаулық басқармасы бұл келеңсіздіктен бейхабар болып шықты. Енді  емханада ішкі тексеріс жүргізген соң ғана жауап бермек. Вакцина салғызбай-ақ «жасыл» мәртебеге ие болған ерлі-зайыптылар бұл статистика қуған шенеуніктердің былығы  дегенді меңзейді.  Себебі министрлік вакциналауда көш бастап тұрған үш өңірдің қатарында Шығыс Қазақстан облысының бар екенін алға тартады.