2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Алматы қаласында 400-ге жуық «Сергек» бейнекамерасы іске қосылады
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Алматы қаласында 400-ге жуық «Сергек» бейнекамерасы іске қосылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы қалалық Полициясы департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция өкілдерінің айтуынша, қалада соңғы жылдары орнатылған бейнебақылау құрылғылары жол қозғалысы ережелерін бұзушыларға қарсы күресте тиімділігін дәлелдеген.
«Кешен жылдамдықты арттыру, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету, жол белгілерін елемеу, тоқтау ережесін немесе көлік құралдарын тұраққа қою талаптарын бұзу, сондай-ақ қоғамдық көлік жолағында рұқсатсыз жүру секілді жол қозғалысы ережелерін бұзу түрлерін анықтауға мүмкіндік береді», - делінген баспасөз хабарламасында.
Полиция қызметкерлері автокөлік жүргізушілеріне 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жол қозғалысы ережесін бұзуға қатысты барлық фактінің қатаң жазылатынын ескертеді.
Айта кетерлігі, 2020 жылы полицейлер шаһардағы әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолындағы қауіпті қоршауларды ауыстыру жұмыстарын толық аяқтамақ. Сондай-ақ, қала билігі автоматты режимге ауысатын ескі бағдаршамдарды жаңартуда. Бұл мегаполис жолдарындағы қозғалысты біршама жеңілдетеді деген болжам бар.