Маңғыстау облысының Қызылтөбе ауылындағы газ құбырларының әбден тозығы жеткен
Осыдан 30 жыл бұрын жер астымен жүргізілген газ құбыры әбден тозып, тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Жергілікті әкімдік бұл мәселеден хабардар, бірақ оны шешуге қаржы мәселесінің қолбайлау болып тұрғанын айтады.
Ауылдың 9 көшесіне газ құбыры тоқсаныншы жылдардың басында тартылған. Содан бері 30 жыл өтті. Жағдайы барлар қауіпті құбырды өз ақшасына ауыстырып алып жатыр. Топырақты аршып көрген тұрғындар құбырдың шіріп жатқанын айтады.
Ауылдағы көшелердің біріне жер үстімен газ құбыры тартылған. Бірақ 10 шақты жыл бұрын басталған құрылыс ақыры аяқсыз қалыпты. Мұны Мұнайлы ауданының басшылығы да растап отыр. Айтуларынша, мердігер жобаны өз қаржысына бастап, аяқтамай кеткен. Ал газ құбырларын жердің үстіне шығару қомақты қаржыны талап етеді.
«Мұнайлы әкімдігі тарапынан толық жұмыстар жасалды. ПСД-сы жасалды, экспертизасы бүгінгі күні толық ұсынылды. Енді күтіп отырмыз», – дейді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрбек Қарасаев.
Мәселенің шешімі – 700 млн теңге. Ендігі жауап – облыстық әкімдіктен. Ақша бөлсе келер жылы құбырлар ауыстырылады. Бірақ ауыл тұрғындары оған дейін әкім ауысып кете ме деп алаңдап отыр.