Елорда вокзалында Қазақстанда шығарылған вагондар таныстырылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жаңа вагондар Атырау – Алматы, Алматы – Маңғыстау бағыттары бойынша жүретін болады

Елордада отандық «Тұлпар» зауытында ресейлік технологиямен жасалған жаңа купе вагондары таныстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Аталмыш салтанатты шараға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Қанат Әлмағамбетов қатысты.

Бүгін «Нұр-Сұлтан-1» бекетінен Алматы қаласына қарай 16 жаңа купе-вагон жөнелтілсе, қалған 12 плацкарт-вагон 31 желтоқсан мен 2020 жылдың 3 қаңтар күндері Нұр-Сұлтан – Нұрлыжол – Атырау бағыты бойынша жолға шығады. 

«Вагондардың негізгі артықшылығы – ауаны зарарсыздандыру және тазалау үшін қазіргі заманғы сүзгілермен жабдықталған кондиционерлеу жүйесі  бар. Бұдан басқа, әр вагонда жолсеріктің купесінде, дәліздер мен тамбурларда орналасқан түрлі-түсті режимде түсіретін 6 бейнекамера орналастырылған. Әр купеде және дәліздерде кернеуі 220В болатын электр розеткалары және ұялы телефондарды қуаттауға арналған 2 заманауи USB порт орнатылған. Сондай-ақ, тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, ауыз су диспенсері және ыстық су титаны бар», – деп атап өтті  министрлік өкілдері.

Вагондар сонымен қатар, түтін датчиктерімен, дербес өрт шлангасымен және әр вагондағы су қорымен, қазіргі заманғы өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған. Екі биотуалет кешені енді автономды түрде жұмыс істейді және суды зарарсыздандыруға арналған резервуарлардағы 1200 литр сумен жабдықталады. Вагондардың қызмет ету мерзімі – 40 жыл.

Жаңа вагондар Атырау – Алматы, Алматы – Маңғыстау бағыттары бойынша жүретін болады.