Сексуалды сипатта қылмыс жасаған жасөспірімдер өмір бойына сотталмайды – Бас прокуратура
ҚР Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Қазақстанда зорлық-зомбылық пен педофилия қылмысы үшін жаза күшейтілетінін мәлімдеді
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енеді.
Бүгін Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметінде осы өзгерістерге қатысты өткен баспасөз мәслихатында зорлық-зомбылық пен педофилия қылмысы үшін жаза күшейтілетінін мәлімдеді. Өзгерістер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетіні жайлы бұған дейін де айтылған еді.
«Азаттық рухы» бұл заң жобасына қатысты Мәжілісте қаралып, Сенат қабылдауынан шыққанға дейін егжей-тегжейлі жазған болатын. Өзгертулердің «авторы», яғни, Бас прокуратура жаңа құжатта мал ұрлығы бойынша татуласуды алып тастап, мал ұрлығын аса ауыр қылмыстар қатарына жатқызып отыр. Сонымен қатар, енді мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты жазасы күшейіп, сот шешсе, бала сатқандар мен педофилдер өмір бойы бас бостандығынан айырылады.
Қазақстанда сотталған жасөспірімдердің тең жартысы сексуалды сипаттағы қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқанын ескере отырып, «Азаттық рухы» тілшісі бас прокурордың орынбасарына «осы өгерістерден кейін кәмелетке толмаса, бірақ педофилия фактісімен ұсталса, ол өмір бойы бас бостандығынан айырыла ма?» деген сұрақ жолдады.
«Жоқ. Кәмелетке толмағандарды өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделмеген. Оларға қатысты өз шектеу мерзімі бар. Және олар педофилия бойынша сотталып жатқан жоқ. Педофил деген ауру, ондай адам маньяк ретінде қаралады. Ондай адамдардың педофил екенін арнайы мекемелер таниды. Ал жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар сексуалды сипаты бар қылмыстар үшін сотталған азаматтар», - деді Марат Ахметжанов.
Есесіне, балаларға қатысты сексуалды қылмыстарды жасырған адамдардың жазасы күшейтіледі.
«Жас балаға қатысты зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасағаны үшін 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ғана көзделген. Педофилия фактілерін фактілерін хабарламағаны, жасырғаны және бұрмалағаны үшін де жаза күшейеді. Бұл енді ауыр қылмыстар қатарына жатады. Осындай қылмыс үшін максималды жаза – 6 жыл түрме», - деді ол.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан