ҚТЖ филиалының директоры жемқорлық үшін сотталды
ҚТЖ Сары-Шаған жол дистанциясы филиалының директоры аса ірі көлемде қаражат ұрлағаны үшін сотталды
Жамбыл облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бұған дейін «Жамбыл магистральды желісінің бөлімі» – «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының Сары-Шаған жол дистанциясы (ПЧ-48) директоры Т. С. Қыдырбаевқа қатысты тергеу жүргізген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ол жанар-жағармай материалдары мен бағыттама бұрмасының металл бөлшектерін негізсіз есептен шығару арқылы аса ірі көлемде – жалпы сомасы 16 миллион 78 мың теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін күдікке ілінді. Тергеу барысында келтірілген шығын толығымен өтелді», - делінген агенттік хабарламасында.
26 желтоқсанда Қарағанды облысы Приозерск қалалық сотының үкімімен Т. С. Қыдырбаев кінәлі деп танылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазым атқару құқығынан айырылды және 7 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.