«Snow leopard foundation» қоры Қазақстанда қар барыстарын сақтау және өсіру орталығын құрады

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта Қазақстанды 130-ға жуық қар барысы мекендейді

Фото ашық дереккөзден

«Snow leopard foundation» халықаралық қоры Қазақстандағы алғашқы қар барыстарын сақтау, оңалту және өсіру орталығын құруға Ресей, Қытай мен Қырғызстаннан мамандарды тартуға ниетті. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған орталық Алматыдағы Іле-Алатау ұлттық паркінде жұмыс істейтін болады. Қазіргі уақытта Қор мен Ұлттық парк арасында ғылыми қызмет туралы шартқа қол қойылған. Орталықты құру жобасы БҰҰДБ, ЮНЕП, сондай-ақ Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) қатысуымен жүзеге асырылады.

«Snow leopard foundation» Қазақстан аумағында орталықты құруға қатысуға тарту мақсатында кавказ қабыланы мен амур жолбарысының популяциясын сақтау және ұлғайту ісінде тәжірибесі бар Ресей тарапымен келіссөздер жүргізді.

«Қытай тарапының ықтимал қатысуына келетін болсақ, Қор белгілі меценат және филантроп Джек Ма қорымен ынтымақтастықты талқылауға ниетті. Қытайлық әріптестерге бірлескен жұмыс перспективаларын одан әрі талқылау үшін қар барыстарын сақтау және өсіру орталығы бойынша презентация жолданды», - делінген аталған хабарламада.

Орталықтың жұмысы қар барыстарын зерттеу бойынша алғашқы ғылыми зертхана құруды көздейді. Зертханада ғалымдар үшін арнайы әзірленетін қосымшалары бар жеке деректер қоры болады. Бұл Қазақстандағы қар барыстарының экожүйесін есепке алу және зерттеу нәтижелерін жүйелендіруге мүмкіндік береді. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры бұл бағыттағы серіктес болып табылады. Бүгінгі күні Талғар шыңының маңайында 3 000 м астам биіктікте 90-нан астам фототұзақ орнатылып, «Алтын Емел» саябағында және т.б. 23 қар барысына ID төлқұжаттар тағайындалды.

Ғалымдардың бағалауынша, қазіргі уақытта Қазақстанды 130-ға жуық қар барысы мекендейді. Алдағы 10 жылда тағы да 10 дарақтың санын көбейту Қордың мақсаты болып табылады. Бұдан бұрын мәлімделгендей, осыдан 3 апта бұрын Қор және зоология институтының ғалымдары Алматы облысының «Алтын Емел» ұлттық паркінде қар барыстарының 10 дарақты популяциясы бар жаңа мекендеу ортасын тіркеді. Бұған дейін осы ұлттық паркте қар барысы болмады. Олар 20 ғасырдың 50-ші жылдарында КСРО кезінде-ақ жойылған болатын.

«Snow leopard foundation» жеке халықаралық қорын 2018 жылы кәсіпкер Нұрәлі Әлиев құрған. Қор қазақстан республикасының символы болып табылатын қар барысын кейіннен табиғи мекендеу орындарына қайта көшірумен оларды сақтау, оңалту және өсіру жөніндегі міндетті алдына қойды.