$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.10.2021, 10:35
Қоғам

Павлодарда құлайын деп тұрған үйде сегіз отбасы тұрып жатыр

Жаңбыр жауса, төбеден су ағады, баспана коммуналдық желіден ажыратылған

Өткен ғасырдың 50 жылдары уақытша деп салынған үйлердің әбден тозығы жеткен. Саз балшығы түсіп, іргетасы үгітіліп, алқам-салқам күйге түскен. Ескі ағаш үйде қазір 8 отбасы тұрып жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғындар басқа барар жері болмаған соң амалсыздан осында тұрып жатыр.  

«Төбесі құлап жатыр. Жабындылары үгітіліп қалды. Қай күні басымызға құлап кетеді екен деген қауіппен жүрміз. Бірінші қабат болса, сасып жатыр. Жағдайымыз өте қиын болып тұр. Бұзылады деген желеумен үйдің кәріз құбырын да желіден ажыратып тастаған. Сасық иістен демалу мүмкін емес», - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Ольга Гришина.

«Біздің үй 2019 жылы бұзылуы керек болған. Маңайымыздағы үйлердің бәрін бұзды. Біз жапан далада жалғыз қалдық. Қасымыздағыларды бұзған кезде бізді кәріз желісінен ажыратып кетті. Бізге сәл шыдай тұрыңдар, пәтер береміз деген. Екі жыл өтті. Қаншама үй салынып жатыр. Пәтер жоқ», - дейді қала тұрғыны Елена Смирнова.

Өз кезегінде әкімдік өкілдері бұл мәселеден хабардар екенін, қаладағы ескі үйлер кезең-кезеңмен бұзылатынын жеткізді. Бірақ бұл баспана биылғы жоспарға енбей қалған. Ал кәріз желісінің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті көмек көрсетілді дейді.  

«Циолковский көшесі 19/1 мекенжайы бойынша орналасқан үйді бұзу жұмыстары 2022 жылдың жоспарында тұр. Бұған дейін аталған үйдің тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, тұрғындар осы жылы өз үйлерінде қалу туралы шешім қабылдаған болатын», - дейді Павлодар қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің маманы Жансерік Қапзолла.

Серіктес жаңалықтары