«Мен азғын емеспін»: Ұйғыр ауданында мектеп директорының қызметтен қуылған орынбасары өз шындығын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Оның үстінен 20-дан астам әйел «қырындады» деп шағымданған болатын

Фотоколлаж

Алматы облысындағы мұғалімдер дауы толастар емес. Ұйғыр ауданы Үлкен Ақсу ауылындағы мектеп директоры осыдан біраз уақыт бұрын өзіне қол салып қайтыс болған еді. Артынша мұғалімдер мен ауыл тұрғындары митинг ұйымдастырып, бастықты өлімге орынбасары итермеледі деп мәлімдеген. Тіпті, ондаған әйел орынбасардан азғындық көрдік деп те айтты. Осы жайттардан кейін Марат Мұхаметов қызметінен қуылды. Бұған дейін де лауазымды орнынан бір рет шығарылып, қайта қабылданған орынбасар сот арқылы әділдікке жетемін дейді.

Марқұм Азизжан Дараев пен оның орынбасары Марат Мұхаметовпен арадағы тартысты мектеп ұжымы ғана емес ауыл, аудан тұрғындары да білген. Ал, полицияға арыз түсірген 20-дан астам әйел директор орынбасарынан харассмент көрдік дейді. Айтуларынша, ол жай сөзбен қырындап қана қоймай, әйелдерге жиі қол жүгіртеді екен. Алайда, Мұхаметовтің өзі мұны үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр.

«Мені мектептегі қыздарға қырындады деп жұмыстан шығарды. Ұжымдағы 20 әйелдің мені қырындады деуі өтірік. 89 жастағы менің әкем бұл жағдайларды әлі естіген жоқ. Естісе не боларын білмеймін. Әкем түгілі өзім асылып өлейін дегем. Жоқ болып кеткім келді. Жаланы көтере алмадым. Туыстарым мен достарым сабырға салды. Мен азғын емеспін. Ол ұжымда әйелім де жұмыс істейді. Қазір үйде ауыр атмосфера қалыптасқан. Желтоқсанда арыз түскен еді, тергеу ісін 16 сәуірде ІІМ-ге өткізіп жіберген. Қазір  тергеудің қалай жүріп жатқанын білмеймін», - деді М.Мұхаметов.

«Ғ.Сәдуақасов атындағы Үлкен Ақсу орта мектебі» КММ жүзден астам адам жұмыс істеп, 700-ге жуық бала білім алып жатыр.

Марат Мұхаметов осыдан бір апта бұрын басшылық қызметтен қуылды. Ол аудан орталығы Шонжы ауылынан басқа жұмыс тауып үлгерген. Айтуынша, директор екеуінің арасындағы дау әу баста мектептегі шаруашылық заттарына таластан басталған көрінеді.

«Мектептің заттарын сыртқа шығармадым. Директор шаруашылықтың кейбір заттарын өзіне алғысы келді, мен оны бермедім. Директор «2 тонна дизельді шығарып бер» деген. Мен оған көнбедім. Қыста мектепті жылыту үшін 38 тонна, 180 литр дизель бөлінеді. Марқұм директор Азиздың Үлкен Ақсуда 3 гектар, шекара жақта тағы 3 гектар жері бар. Ақ, көк түсті бояуларды сол жердегі шаруашылығына қолданбақ болған. Мен басында үш-төрт банкідегі бояуды сұрап тұр екен деп ойлағам. Бірақ ол «үш қорап бояу алам» деді. Бір қорапта 9 банкіден 27 кг сыр бар. Барлығы еден сырлайтын бояулар. Мен ол заттарды бермедім, дау содан басталды», - дейді Марат Мұхаметов.

Қайғылы жағдай орын алған соң коммисияның қортындысы негізінде Мұхаметов жұмысынан екінші рет қуылды. Ол бұл істерге лауазымды екі адамды кінәлайды. Бұған дейін де сот арқылы жұмысқа қайта орналасқан Мұхаметов аудандық білім бөлімімен соттаспақ. Сот арқылы екінші рет қайта оралуды мақсат тұтады. Айтуынша, оның бүкіл отбасы осы мектеп арқылы жан сақтап келеді екен.

«Әкем жуырда тоқсанға толады. Ол кісі уақытында осы мектепте директор болған. Туған әпкем де осында ұзақ жыл жұмыс істеді. Қазір әйелім мен қарындасым осында мұғалім. Менің ұлым мен қызым оқып, екеуі де «Алтын белгімен» мектепті бітірді. Соңғы отыз жылда ешкім «Алтын белгі» алмаған.

Қазір бәрі директордың өліміне мені кінәлі етіп жатыр. Мұның артында тұрған – аудандық білім бөлімінің басшысы Әділжан Аширов пен аудан әкімінің орынбасары. Мен жұмысыма қайта оралу үшін арыз жазамын. Иә, аудан әкімінің сыныптасымын, оны жасырмаймын. Бірақ, әділдік болғанын қалаймын», - деді Марат Мұхаметов.

Еске салайық, мектеп директоры Азизжан Дараев биыл 10 қыркүйекте өз үйінде асылып қалған болатын. Әріптестері мен ауыл тұрғындары оны өлімге орынбасары итермеледі деп бірнеше рет көтерілген.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы