Қоғамдық резонанстан кейін әкімдік оны қайта кезекке қойған
Петропавлда жетімдер үйінің тәрибеленушісі Александр Рябуха баспана кезегіне тұра алмай жүр. Өйткені қалалық әкімдік оны өлгендер санатына жатқызып, баспанаға мұқтаждар тізімінен алып тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Александр жайсыз жаңалықты наурыз айында естіген. Айтуынша, электронды жүйе оның о дүниелік екенін көрсеткен. 25 жастағы азамат жақында ғана құзырлы органдарға арызданған. Енді ол баспана кезегіндегі орнын қалпына келтіру үшін шарқ ұрып жүр.
«Менің әлеуметтік педагогымнан да ешкім ештеңе сұрамаған. Бұл жаңалықты ол кісі жақында менен естіді. Неге екені белгісіз, нақ осы балалар үйінің тәрбиеленушілері түрлі себептермен тізімнен алынып тасталады. Жуырда оларға тиесілі пәтерлер басқаларға берілгенін естідім. Күні кеше мен АХАЖ бөліміне де барып өтініш жаздым. Олар менің қайтыс болмағаным жайлы акт берулері қажет екен. Ол құжат 15 күнде дайын болады. Жалпы оның не керегі бар? Мен тірімін. Оны мамандар көріп тұр ғой», - дейді Александр.
Александр құрылыс саласында уақытша еңбек етіп жүр. Тұрақты жұмысы жоқ. Өз пәтері болмағандықтан досының үйін паналауда. Тірі екенін дәлелдей алмай жүрген соң, азамат прокуратураға арызданған. Петропавл қаласының әкімдігіндегілер де бұл жағдайдан хабардар.
«Бүгін түске дейін оның кезегі қалпына келтірілді. Онымен үнемі байланыстамыз. Жүйеде ақау болған. Көші-қон қызметі тексеріс жасағанда оны статусы «анықталмаған» деп жазылған болуы мүмкін. Сондықтан қайтыс болған адамдардың санатына өтіп кеткен болуы мүмкін», - дейді қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Азат Ыбыраев.
Александрдың айтуынша, құжат жүзінде оның тірі екендігі жарты айдан кейін ғана дәлелденеді. Ал әкімдік оның кезегі қалпына келтірілгенін айтты. «Өлі» адамның кезекке қалай тұрғаны тағы да жұмақ болып қалды.
Петропавлда 15 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Оның 1700-і жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар. Жуырда әкімдік қызметкерлерінің жетімдерге тиесілі пәтерлерді баспана кезегінде тұрған басқа тұлғаларға бергені анықталған болатын.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО