Қаланың өзінде суды тасып ішетін тұрғындар әлі де көп дейді олар
Былтыр тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту бойынша 304 жобаны іске асыруға шешім шықты. Оған республикалық бюджеттен 113 млрд теңге, оның ішінде: қалаларға арналған 70 жобаға – 49,3 млрд теңге, ауылдарда іске асатын 234 жобаға 63,7 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
2020 жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қалада – 97,5%, ауылда – 90,1% болды.
Биыл 350 жобаны іске асыру бойынша 151,4 млрд теңге бөлінген, оның ішінде: қалаға 92 жобаға – 77,3 млрд теңге, ауылға арналған 258 жобаға 74,1 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа қалаларда таза ауыз сумен қамтамасыз етуді – 98%, ауылдарда 91,8%-ға дейін жеткізу көзделген.
Өткен аптада Премьер-Министрінің орынбасары Р.В.Склярға депутаттық сауал жолдаған «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері іс жүзінде тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде таза ауыз суға жарымай отырған елдімекендердің әлі де жағдайы жақсармағанына назар аударды.
«Көріп отырғанымыздай, миллиардтаған қаржы бөлінген, уәкілетті орган халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы жоғары деңгейде жүргізілетіндігін айтуда. Бірақ шын мәнінде іске келгенде жағдай мүлдем басқаша. Қазіргі уақытта ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші әсіресе ауылдарда баяғыдай қанағаттанарлықсыз күйде. Мемлекет басшысы «Ондаған жылдар бойы осы мақсатқа аса зор қаражат бөлінгеніне қарамастан, ауыз суға қол жеткізу мәселесі өз шешімін таппай отыр» деп баса айтқан болатын. Сондықтан Қ.Тоқаев өңірлерді дамытудың Ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде қалалар мен ауылдарды 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін қойды. Осыған байланысты біз, «Нұр Отан» партиясының депутаттары жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларда көзделген барлық қойылған міндеттер Ұлттық жобада ескерілуі тиіс деп есептейміз», ˗ делінген депутаттық сауалда.
Депутаттар көптеген шағын қалалар мен ауылдарда ауыз су сапасының төмендігі, магистральдық желілер жабдықтарының тозуынан су жеткізуде кедергілер барын да атап өткен.
«Ауыз су көп жерлерде тұтынуға мүлдем жарамсыз, сапасы бағасына сай келмейді. Осыған байланысты тұрғындар дүкендерден бөтелкедегі суды сатып алуға немесе сүзгілерді орнатуға мәжбүр. Сондай-ақ, су қабылдау станцияларында электр қуатын ажыратқан кезде, тұрғындар үнемі ауыз сусыз қалады. Ал, жоғарғы қабаттарда тұратын тұрғындар судың төмен қысымына шағымданып, салдарынан суды тек түнде пайдалануға мәжбүр. Сондай-ақ, Алматы және Түркістан облыстарының ауылдық елдімекендерінде және еліміздің батыс өңірлерінде ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы өткір болып тұр. Маңғыстау облысында жаз айларында ауыз су тапшылығы тәулігіне 19 мың текше метрді құрайды. Географиялық тұрғыдан алғанда, Маңғыстау өңірінде тұщы судың табиғи көздері аз. Сондықтан Атырау және Маңғыстау облыстарының аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су тартқышын жаңғырту жоспарланған және Кендірлі кентінде жаңа тұщыландыру зауыты салынады», ˗ делінген сауалда.