«Қолдан құжат жасап, жерді тартып алған»: ШҚО-да жерсіз қалған тұрғындар наразылық білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Жаңа қожайын халықтың өз жерін өзіне 96 миллион теңгеге сатпақшы

Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Көкжайық ауылының тұрғындары екі жылдан бері заңсыз сатылып кеткен жерімізді қайтарып ала алмай жүрміз деп шағымданды. Олардың айтуынша, жерді басқа ауылдың кәсіпкері тартып алған.

Көкжайық ауылындағы негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Ауыл тұрғындары өзара бірлесіп, ұжым құрып, 2019 жылға дейін жұмыс істеп келген. Тіпті, ірі қара мал басын көбейтуді де жоспарлаған. Алайда, бұл жоспардың орындалмайтын түрі бар. Өзге ауылдың тұрғыны құжаттарды қолдан жасап, ұжымның жерін иемденіп алған.

«Ауыл тұрғындары бұрын бірігіп, өздеріне тиесілі жердің пайын «Диқаншы» ЖШС-не берген. Бұл ЖШС-ға Сабира Валитова деген кісі басшылық еткен, кейін ол қайтыс болып кетті. 2017 жылы сол Сабира Валитова, Төлеуғазы Бейсенұлы және Харис Сефиеев деген үш кісі бірігіп, «Береке Шангунов» ӘКК деген өндірістік кооператив құрады. Осы кооперативке «Диқаншы» ЖШС-нің жерлерін кіргізген. 2019 жылы Харис Сефиеев қолдан жалған құжат әзірлеп, оны аудандық жер қатынастары бөліміне өткізіп, «Береке Шангунов» ӘКК-ден «Диқаншы» ЖШС-ны шығарады. Сонымен бірге жерді де шығарды», - дейді Едіге Батыров есімді тұрғын.

Оның сөзінше, Харис Сефиеев кооператив басшысы Валитованың қолын қолдан жасаған. Мұны тіпті, жауапты органдар да растапты.

«Біз бұл құжаттың жалған екенін қалай білдік? Сол жерде сараптама тағайындалды. Қол Сабира Валитованікі емес, басқа адамдыкі болып шықты. Сараптама мөрдің де жалған екенін көрсетті. Енді біз «сараптамаға бергенде бұл қолды Харис Сефиеев жасады ма, жоқ басқа кісі ме?» деп сұрасақ, сараптама мұны анықтау мүмкін емес деп отыр. Ана қолды Валитованың атынан ол емес, басқа біреу қойған. Тұрғындар 2020 жылы әкімдіктен көмек сұрады. Әкімдік соттың көмегіне жүгінуге кеңес берді», - дейді Едіге Батыров.

Тұрғындар аудандық прокуратураның мәселені неге шеше алмай отырғанына аң-таң. Мөр мен қолдың жалған екені белгілі болса да, жер иесіне әлі қайтарылмай келеді.

«Барлық құжаттарды көтердік. Сол кезде осы қойылған қолдар жалған екені белгілі болды. Кейін прокуратураға, аудандық полиция бөліміне бардық. 2020 жылы 4 тамыз күні полиция іс қозғады. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай шешім шыққан жоқ. Неге десеңіз, тергеуші жұмыс атқармаған. Біз берген құжаттарды іске тіркемей, тоқтатып тұр. Неге екенін сұрасақ, олар сараптаманы бізге бермей отыр дейді. Бірақ, 1 тамыз күні «Береке Шангунов» ӘКК-ні қайта тіркеген. Біз Әділет департаментіне арыз бердік. Ондағылар қайта тіркеу заңсыз жасалған деген ұйғарым шығарды», - дейді Едіге Батыров.

«Диқаншы» ЖШС-да бұрын 83 адам болса, қазір 43 тұрғын ғана қалған. Барлығы бір күнде жерінен айырылып отыр.

«Олар құжаттарды алып, «Береке Шангунов» ӘКК-ге қағаз жүзінде «Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі» деген бір сөзді қосып, құрамын өзгертеді де, «Диқаншы» ЖШС-ны шығарып алады. Енді тіркеу бөлімі осы істі заңсыз істеп отыр ма? Соған жауап қайтармай отыр. Қазір «Береке Шангунов» ӘКК бар, бірақ жер жоқ. «Диқаншы» ЖШС-да бүгінде 43 адам қалды. 2019 жылдан бастап осы бойынша ешқандай іс жүргізілмейді. Бәрін жауып тастайды. Бізде протокол бар. Харис Сефиеевтің қолы бар, осы жер «Береке Шангунов» ӘКК-ге бөлінсін делінген. Біз білсек, бұның бәрін жауып отырған аудандық прокурор», - дейді ауыл тұрғындары.

Ауданда үш әкім ауысса да, жер дауы әлі шешімін табар емес. Енді олар кімнен көмек сұрайтындарын білмейді.

«1996 жылы совхоз тарап, «Диқаншы» ұжымы ашылды. 2019 жылға дейін жұмыс істеп келдік. Аяқ астынан бір жігіт келіп, «мен мына жердің бәрін сатып алдым» деді. Ол жерде аудандық прокуратура да болды. Қазір жерімізді алып алды. Ауылда жастар көшкелі жатыр. Тағы бір түсінбейтін жәйт, аудандық прокуратура бізге ұжымдағы кейбір қайтыс болған адамдардың жерін оның балаларына емес, үкіметке қайтарылады дейді. Сонда артындағы балалары мен әйелі қаңғып далада қалуы керек пе? Қазір малымызды қыстан шығаратын шөп жоқ. Ауданда бір жылда үш әкім ауысты. Үшеуіне де мәселемізді айттық. Қолымыздан келмейді деп шығарып салды. Сонда кімнің қолынан келеді?» - дейді ашынған ұжым басшысы Төлеуғазы Бейсенұлы.

Ауыл ақсақалының айтуынша, жерді алып алған азамат жерді қайтарып беруі үшін 96 млн теңге талап еткен.

«Осы ауылдың тұрғынымын. 60 жыл жұмыс істедім. Еңбегім сіңді. Бірақ осы ауылдың тұрғыны ретінде 6 гектар жерім жоқ. 3 жыл болды жанымызды шүберекке түйіп, жүгіріп жүрміз. Әкімнің алдынан өттік, прокуратураның алдынан өттік. Енді олардың бізге өкпесі жоқ, ренжімесін! Халықтың жері халыққа қайтарылсын. Жерімізді алған азамат бізден 96 млн теңге талап етіп отыр. Өз жерімізді өзімізге сататын ол кім? Бізді келеке еткендей «мен шөптің бәрін шауып алайын, сосын сатып алыңдар» дейді. Құлағым естімесе де көзім көреді. Үнемі газеттерге жазылып, оқып отырамын. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жер ең алдымен жергілікті халыққа тиесілі» деді. Бірақ біздегі жағдай керісінше. Қалай түсінеміз? Барлығы ығай мен сығай болып алған», - дейді ауыл ақсақалы Тоқан Әкірімқанұлы.

Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігіне де хабарластық. Олар тисінше халыққа көмектесіп жатқандарын айтуда.

«Біз жергілікті тұрғындармен 3-4 рет кездесу өткіздік. Бұл жерде жердің иесі құжаттарды толық рәсімдемеген. Енді соттың көмегіне жүгінуі керек. Малдың қысқы жем-шөбіне келер болсақ, ауылдың маңындағы барлық бос жерлерді шабуға рұқсат еттік. Қазір шамалары келгенше шауып жатыр. Егер мал азығы тағы жетпей жатса, аудандағы кәсіпкерлерді ұйымдастырып, көмектесеміз. Сонымен қоса, 4-5 гектардан жер алып беріп жатырмыз», - дейді аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгельдин.

Ел Президенті халыққа Жолдауында мал азығына қатысты жүйелі жұмыстың қажеттігін айтты. Тіпті әкімдер дөкейлердің ығына жығылып жүргенін сынға алған болатын.

«Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы баспастай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шараларды қабылдауы тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Енді халықтың емес, кәсіпкерлердің кәдесіне көп жарайтын әкім-қаралар ел Президентінің тапсырмасын қаншалықты жүзеге асыратыны маңызды болып тұр. Себебі шаруалардың жер мәселесі әлі де өзекті.

Таунар Қайратұлы, ШҚО

Тегтер: