Павлодарда бүтін бір шағынаудан жылусыз отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Тоңған жұрт туыстарының үйін жағалап жүр

Фото ашық дереккөзден

Павлодарда жаңадан салынып жатқан «Достық» шағынауданының тұрғындары жылусыз отыр. Күздің қара суығы келсе де, мұндағы үйлерге жылу берілмеген деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Ал бүгін аймаққа алғашқы қар жауды. Суыққа шыдамағандардың кейбірі пәтерін жауып көшіп жатыр. Барар жері жоқ тұрғындар болса, амалсыз суық үйде жан бағуда. Қысы ерте келетін солтүстік өңірге жылу беру қыркүйектің ортасында басталған. Жылудың жоқтығы аз болғандай көктемнен бері ыстық су да көрмеген.

Әкімдік өкілдері жылудың кешіктірілуіне құбырларды жаңғыртудан өткізу себеп болғанын айтты. «Достық» ауданын 10 қазанға дейін жылуға қосуға уәде етті.

«Жаңа үйлер бойынша «Павлодар жылу желілері» ЖШС-де тиісті құжттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жаңадан салынған 42 жылу магистралін іске қосу бойынша да жұмыстар істелуде. Содан кейін жаңа шағын ауданның үйлеріне жылу іске қосылатын болады», - деді Павлодар қаласы әкімді баспасөз қызметінің маманы Жансерік Қапзолла.