«Әкім уәдесінде тұрмады». Сәтпаев тұрғыны жөндеу жұмысының өтірік жүргізілгенін көрсетті

Автор: Azattyq Rýhy

Әкімдіктегілер атқарылған жұмыстың актісі барын дәлелдейтінін айтты

Сәтпаев қаласының тұрғыны Нұрболат Базарбекұлы апатты жағдайдағы үйде тұрып жатқанын мәлімдеп, мәселені шешу жолында әкім уәдесінде тұрмай, тіпті араға адам салғанын жеткізді.

Сәтпаев қаласы Абай Құнанбайұлы 43 мекенжайында орналасқан үй 1989 жылы қолданысқа берілген. Алайда оның жертөлесіндегі жағдай көңіл көншітпейді. Құбырлары шіріп, қабырғалары жарылған.

Осы үйдің тұрғыны Нұрболаттың айтуынша, жөндеу жұмыстарына жауапты «Сәт Тазалық» ЖШС мекемесі өз міндетін дер кезінде атқармаған. Бірақ әкімдік барлық кем-кетікті ретке келтіреміз деп уәде берген екен.

«Сәтбаев қаласының әкімі мені әкімдікке шақырып алып, маған: «Сіздің проблемаңызды «Сәт Тазалық» мекемесінің бас директоры Сибагатулин Валерий Барисович шешіп береді. Ал Валерий Барисович шешпесе, Сіздің проблемаларыңызды өзім шешіп беремін» деп уәде берді», - дейді Нұрболат Базарбекұлы.

Мәселенің мән-жайы әлеуметтік желілерде жариялана бастағанда әкімдік араға адам салып, Нұрболат Базарбекұлының ашуын баспақ болған екен. Нақтырақ айтқанда, жергілікті билік Нұрболаттың әріптесіне өтініш жасап, ортақ мәмілеге келудің жолын ұсынған. Алайда, әкімдіктің бұл жоспары сәтсіз аяқталып, керісінше жағдай ушыға түскен.

«Өзіне еш қатысы жоқ Қазақмыс корпорациясындағы әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Сабыржан Тембаев менің жұмысыма баса көктеп кіріп келіп, «мені Қазақмыстағы үлкен басшылар жіберді» деп маған психологиялық қысым жасап қорқытып, басшымның алдында ар намысымды таптады. «Жұмыс орыныңдағы басшың зардап шегіп, үлкен басшылар оны қыспаққа алады. Сенің ісіңнің быт-шытын шығарады, сен букашкасың» деп қорқытты», - дейді Нұрболат Базарбекұлы.

ӘКІМДІК АРАҒА НЕЛІКТЕН АДАМ САЛДЫ?

Azattyq Rýhy тілшісі оқиғаның ақ-қарасын ажырату үшін жоқ «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Сабыржан Тембаевқа хабарласып, мәселеге қатысты жауабын алды.

«Нұрболатты мен бұрыннан танимын, таныстығымызға шамамен 20 жылдан асты. Мен асаба, ол әнші болды. Нұрболат пен Сәтпаев қаласындағы коммуналдық мекеме арасында өзара даулы мәселе болған екен. Олардың дауы әлеуметтік желіге шығып, әр тарап өзінің шындығын айтады. Сол уақытта Сәтпаев қаласының әкімдігінен «Сіз Нұрболатты бұрыннан танисыз ғой, өнерде болдыңыздар, ол кісімен сөйлесіп көресіз бе?» деп менен өтінген. Сосын барып, Нұрболаттың жұмыс орнында онымен сөйлестім. Менің тарапымнан «Мен сені жұмыстан шығарамын, сенің басың жарылады, аяғыңды сындырам» деген сияқты әңгіме болған жоқ», - дейді Сабыржан Тембаев.

Мұндай екеуара түсініспеуішілік сәуір айында болған. Ал, маусым айында Сабыржан Тембаев танысына баспанасының жөндеу жұмыстарына көмектеспек ниетте керек-жарағын сатып алып бергенін айтады.

«Менің тарапымнан оның үйінің жөндеу жұмыстарына үлесім болсын деп 900 мың теңгеге материалдық заттар алынды. Оның барлығын өзі таңдады. Бірақ бұл бар болғаны көмек, оның артында басқа ойым болған жоқ», - дейді Сабыржан Тембаев.

Тембаевқа жала жауып, «қысым көрсетті» деп, алайда жасаған қайырымдылығын қабыл алған Нұрболат Базарбекұлының қала басшысына деген өкпесі қара қазандай.

«Үйдің мәселесі әлі шешілген жоқ. Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Абылайұлы «шаруаңды шешіп беремін» деп телефон номерін берген, хабарлассам тұтқасын көтермейді. «Сәт Тазалық» мекемесінің бас директоры Сибагатулин Валерий Барисович та маған «шаруаларыңды шешіп беремін» деп, уәдесінде тұрмады», - дейді.

ЖЕРТӨЛЕНІ СУ БАСЫП ЖАТЫР

Өз кезегінде Сәтпаев қаласының әкімдігі аталған үйдің бүгін жай-күйі жайлы, құбырлары бүтін деп сендірді.

«Абай Құнанбайұлы 43 мекен жайында орналасқан көппәтерлі үй 6 подьезді, 60 пәтері бар. 1989 жылы қолданысқа берілген. Көппәтерлі үй бүгінде апатты деп танылмаған. Аталған үйдің жертөлесінің жағдайын тиісті тәртіпке келтіру бойынша барлық жұмыстар жасалған. «Сәт Тазалық» ЖШС мекемесі сумен жабдықтау және жылыту жүйелерінің құбырын ауыстырды және ЭЖК қызметкерлерінің күшімен электр кабельдерін бекіту секілді жұмыстар толығымен жасалды», - деді Сәтбаев қаласы әкім аппаратының баспасөз қызметінің хатшысы Назерке Сапарбек.

Алайда Нұрболаттың айтуынша, «Сәт Тазалық» мекемесі қызмет көрсететін жертөлелердің ішінде әлі де құбырлар шіріп, жерді лай су басып жатыр. Дәлел ретінде төменгі қабаттың фотолары да жіберілді.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Гүлсім Қайыргелдинова жертөледегі суды кәріздің бітеліп қалуымен түсіндірді. Айтуынша, тұрғындар әжетханадағы унитазға қоқыстарды тастағандықтан, кәріздің суы сол күйі тұрып қалып, жертөлеге шығады. Бір қызығы, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы шіріген құбырлар жоқ екеніне сенімді.

«Құбырларды түгел ауыстырдық. Бізде актісі бар. Кәріз жүйесін ауыстырдық. Біз күнделікті тексеріп тұрамыз. Адамдар көкөністерді, түрлі заттарды тастайды. Содан тұрып қалған. Оны тағы да тазалап қойдық. Шіріп тұрған құбырлардың бәрін ауыстырдық», - дейді Гүлсім Қайыргелдинова.

Сондай-ақ, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары алдағы күндері жөндеу жұмыстарының нәтижесін суретке түсіріп, редакция тілшісіне жіберуге уәде берді.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан