СҚО бойынша жемқорлыққа қарсы қызмет мектептерде тексеріс жүргізбек
Мектептерде ақша жинау мәселесі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Оған Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінде жарияланған «Петропавл мектептері ата-аналардан 8,6 млн теңге жинаған» атты мақала себеп болды.
Көпшіліктің пікірі қақ жарылды. «Бэст» гимназиясы ата-аналар комитетінің «белсенділері» мектептерде ақша жинау үрдісін қалыпты жағдай деп бағаласа, екінші жақ бұндай әрекеттерге нүкте қойылуы тиіс деген пікір білдірді.
«Ақша жинауды Білім және ғылым министрлігінің, жергілікті білім басқармаларының мектеп басшыларын үндемей қолдауының арқасында тәрбие орнында жемқорлыққа жол беріліп отыр. «Ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңесі» дегендер жәй шымылдық-ширма. Мектептерде мемлекеттік тілдің беделін көтеру, тәрбие мәселесі, оның ішінде ақша жинауды қатаң бақылауға алмаса, бұл мерез ауру белең алып барады. Қазақ қоғамына ұлтқа қауіп жанұя мен мектептегі тәрбиеден басталатынын неге түсінбейміз?», - деп жазды Қажымұрат Нәсиев есімді Facebook қолданушысы.
Бұл мәселе Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің төрағалығымен өткен тамыз конференциясында да көтерілген болатын. Құмар Ақсақалов ата-аналардан ақша жинағандар қатаң жазаланатынын ескерткен еді. Кей мектеп басшылары оны қаперіне де алмаған сыңайлы.
«Әрине, үкілеп отырған бауыр еті баласы қатарластарынан қалмас үшін ата-ана қолынан келгенді аянбай, барын беретіні анық. Бірақ бұл жайт шынымен де олардың қалтасына ауыр салмақ салып отыр. Қорға ақша тапсырмаған бала оқулықсыз қалады делініпті. Жаңа оқу жылына дайындық барысында облыстық білім басқармасы өңірлік оқушылардың оқулықпен 100 пайыз қамтылатынын, бұл үшін бюджеттен қаржы бөлінгенін айтқан. Сондықтан бұл жайтты бақылауға алып, тиісті тексерісті жүргізген жөн», - деп пікір білдірді оқырман Балнұр Болатқызы.
СҚО бойынша жемқорлыққа қарсы қызмет аталған факті бойынша тексеріс жүргізбек.
«Қоғамдық қор білім беру ордасымен байланысты болғандықтан және оның жұмысына ата-аналардың өздері тікелей қатысып жатқандығын ескере отырып, білім беру басқармасына хат жолданады. Мақсатымыз – мән-жайды анықтау. Жуық арада «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірігіп, сол мектепте дискуссиялық алаң өткізуді жоспарладық. Оған барлық мүдделі тараптарды шақырамыз. Әлбетте, мектеп мемлекеттік немесе жекеменшік болсын, барлық іс-әрекет заңды болуы шарт және адалдық, парасаттылық принциптеріне негізделуі тиіс», - деді ведомство басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО