$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.09.2021, 11:47
Қоғам

«Құмар Ақсақалов қызметінен кетсін»: СҚО-да тау-кен комбинатының жұмысшылары облыс әкімінің отставкасын талап етті

Үш аптадан бері судан басқа нәр тартпаған төрт азамат 10 келіден салмақ тастаған

«Құмар Ақсақалов қызметінен кетсін»: СҚО-да тау-кен комбинатының жұмысшылары облыс әкімінің отставкасын талап етті
Коллаж: Azattyq Rýhy

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы Обухов тау-кен байыту комбинатының 4 қызметкері 30 тамыз күні аштық жариялаған болатын. Олар облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қызметінен кетуін талап етіп отыр. Ашығушылар шенеунік орнын босатпайынша судан басқа ештеңе татып алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Абзал Ибрагимов, Болаш Душкаев, Виктор Гусак, Екатерина Иванова –  төртеуінің бар азығы қара су. Үш аптадан бері үйіне бармаған. Жұмысшылардың уақытша түнеуіне арналған 8 шаршы метрден тұратын екі бөлме – 4 адамның баспанасы. Аштық әсіресе Екатеринаға ауыр соғып тұр. Үйінде екі баласы бар. Әзірге оларға анасы бас-көз болып жатыр. Әйел кенжесінің алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, мұғаліміне гүл сыйлаған сәтін көре алмағанына өкінеді. Бауыр еті балалары жайында айтса солқылдап жылай береді.

«Туа бітті жүрек ақауым бар. Қазір мазалай бастады. Үйге барғым келеді. Мұнда таңертең дәрігер қарайды. Камера бақылауындамыз. Балалар күнде хабарасады. Бізді ешкім елеп жатқан жоқ. Жедел жәрдеммен ауруханаға әкетсе ғана, билік басындағылар назар аударатын шығар. Жүйкем жұқарды. Күні бойы жатамыз. Бас айналады. Аштық жарияламасқа амал жоқ. Комбинат жабылып, жұсыссыз қалсам балаларды қалай асыраймын? Бәрі солардың қамы. Екі жоғары оқу орнын тәмамдадым. Қазір магистратурада білім алып жүрмін. Кәсіпорын жабылса, әкімдік бізді басқа жұмысқа орналастыратынын айтты. Шошқа фермасынан қызмет ұсынды. Жалақысы 70 мың болар. Қазіргі табысым әлдеқайда көп. Үш дипломмен шошқа бағамыз ба? Кадр бөлімінде 14 жыл еңбек өтілім бар», - дейді Екатерина Иванова.

ӘРҚАЙСЫСЫ 10 КЕЛІДЕН САЛМАҚ ТАСТАҒАН

Ашығушылардың айтуынша, үш аптада билік өкілдерінен ешкім комбинатқа келіп төбе көрсетпеген. Қал-жағдайын білу үшін дәрігерлер де келмепті. 4 адамның әрқайсысы орта есеппен 10 келіден салмақ тастапты. Денсаулығына зиян келсе де, алған бетінен қайтқысы жоқ.  

«Тау-кен байыту комбинатының 400 тоннадан астам титан-цирконий концентраты Келлеровка ауылындағы полиция бөлімінің жанында шашылып жатыр. Ол заттай айғақ ретінде тәркіленген болатын. Қаптар жыртылып қалған. Оның құны 85 млн теңге. Біріншіден, компания мүлкі қайтарылсын. Кәсіпорында бір айдан астам уақыт бойы жарық болған жоқ. Тоқтап тұрып, шығынға баттық. Көкшетаудан генератор сатып әкеліп жұмыс істедік. Өйткені түрлі желеумен комбинат СҚО-дан келіп тұрған электр желісінен ажыратылды. Біз аштық жариялағаннан кейін ғана жарық берілді. Екінші айтарымыз - бізге билік жұмыс істеуге мұрша берсін. Ешкмімнен ештеңе сұрамаймыз, бізге тиіспесе болғаны. Соңғы талабымыз – Құмар Ақсақалов бастаған жемқор шенеуніктер қызметінен босатылсын. Олардың түпкілікті мақсаты – өзін байыту. Еліне, жеріне жеген жанашырлық жоқ. Бізге жұмыс істеуге мұрша бермей жатыр. Ойда-жоқта қылмыстық іс қозғалады», - дейді қауіпсіздік бөлімінің маманы Абзал Ибрагимов.

Болат Душкеев – заңгер. Аштық жариялағаннан бері 10 келі салмақ жоғалтыпты. Ол өзінен гөрі комбинаттың жағдайына көбірек алаңдайтынын айтады.

«Аудандық полиция бөлімі қозғап жатқан қылмыстық істердің санынан жаңылып қалдым. Ешқандай факті жоқ. Олар концентратты заңсыз тәркіледі. 400-ден астам адам жұмыссыз қаулы мүмкін. Осындай жағдайға араша түсе алмай отырған Құмар Ақсақалов қызметінен кетсін. Бәріміздің талабымыз бір», - дейді ол.

ДӘРІГЕР АШТЫҚҚЫ ТОҚТАТУҒА НҰСҚАУ БЕРДІ

Ашығушыларды күнде комбинаттың медицина қызметкерлері қарайды. Мамандардың айтуынша, ағзаға қажетті дәрумендер түспегендіктен, олардың жағдайы күн санап нашарлап барады.

«Дәрігер ретінде аштықты доғаруды ұсындым. Пікіріме ешкім құлақ асып жатқан жоқ. Осылай жалғаса берсе, адам өліп кетуі мүмкін. Бұл қалжың емес. Күн сайын сараптама жасап жатырмын. Қан талдауы күн сайын өзгеріп жатыр. Бірінің қан қысымы көтерілсе, екіншісінікі түсіп кетеді. Жүрегі айнып, құсады», - дейді Мария Минкина.

Уақытша баспанада бейнебақылау камералары орнатылған. Тәуліктің кез келген уақытында сілтеме арқылы ашығушыларды көруге болады.

«Алғашқы үш күнде қарным қатты ашты. Бір апта болғанда қан қысымым түсіп кеткен. 12 күннен кейін бел ауыра бастаған. 14-15 күн ашыққаннан кейін белім шанитынды шығарды. Әлеуметтік желілерде аудан әкімнің «мен аштық жариялаушылармен үнемі байланыстамын» деп жазғанын оқыдым. Өтірік. Біздің жағдайымыз ешкімге қызық емес. Ол түгіл аудандық дәрігерлер де келген емес», - дейді Абзал Ибрагимов.

Обухов титан-цирконий кен орны 1958 жылы табылған. Қазба байлықтарының мұндай мол қоры әзірге Аустралияда ғана анықталған екен. Оның бірегейлігі өндірілген шикізаттың ұсақтығында, яғни өңдеу жеңіл. Электроника, атом энергетикасы, зымыран жасау саласында пайдаланылатын шикізатқа сұраныс жоғары. Алайда кен орнының төңірегінде туындаған түйіткілді мәселе бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Оған акционерлердің өзара тіл табыса алмауы себеп.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары