2009 жылғы халық санағына 1,1 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалды, сандардан қате кетті – ҰСБ

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтіп жатыр

Коллаж: Azattyq Rýhy

Биылғы жалпыұлттық халық санағының шығыны 2009 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге арзан. Сондай-ақ, 2009 жылы халық санағын жүргізуге 1,1 млрд емес, 6,5 млрд қаражат жұмсалды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ашық дереккөздерде 2009 жылғы халық санағын жүргізуге 1,144 миллиард теңге бөлінгені жазылған. Алайда жұмсалған сома 379 миллион теңгені (жалпы соманың 33%) құраған. Өйткені қалған 764 млн 800 мың теңгені Агенттіктің лауазымды тұлғалары мен жеке кәсіпорындардың басшылары талан-таражға салған. Нәтижесінде Статистика агенттігінің басшысы Анар Мешімбаева қызметінен қуылып, артынша оған іздеу жарияланды. Осылайша 2014 жылы Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаева жеті жылға сотталған болатын. Ал оның орынбасарлары - Нұрман Баянов пен Бірлік Меңдібаев, сондай-ақ белгілі қазақстандық кәсіпкер Серік Тұржанов қамауға алынды.

Алайда Статистикалық бюроның баспасөз қызметі интернетте жүрген 2009 жылғы бөлінген қаражат сомасында саннан қате кеткенін айтып сендірді.

«2009 жылғы санақ бюджеті 6,5 млрд теңгені құраған. Бір адамға жұмсалған сома 2,9 АҚШ долларын құраған. Ал биыл бір адамға кететін шығын 1,1 АҚШ доллары көлемінде. Сондықтан осы көрсеткіш бойынша бұл халық санағының шығындары 2,6 есе арзан деуге болады. 9,1 млрд теңгенің 4,7 млрд теңгесі, яғни бюджеттің жартысынан көбі шараға қатысатын интервьюерлердің жалақысына қарастырылып отыр», - делінген статистикалық бюроның жауабында.

«ХАЛЫҚ САНАҒЫНА МҰҒАЛІМДЕР КҮШТЕП ТАРТЫЛМАЙДЫ»

Бұған дейін Ұлттық халық санағын жүргізуде 32 313 адам жұмыспен қамтылатыны айтылды. Өткен санақтарда әдетте бұл шаруаны әкімдіктер мұғалімдердің мойнына жүктейтін. Әлеуметтік желілердің бірінде биыл да сол үрдіс қайталанып жатқаны айтылды.

«Қазір мұғалімдер халық санағымен айналысуға мәжбүр. Бұған дейін біз сайлау өткізумен айналыстық. Бюджеттен қаражат бөлінетін әкімдіктер мен басқа да ведомстволар неге мұнымен өздері айналыспайды? Мұндай қосымша жүктеме үшін мұғалімдерге ешқандай ақы төленбейді. Менің әріптестерімнің бұл мәселені көтеріп жүргеніне бірнеше жыл болды. Бізге тыныш жұмыс істеуге мүмкіндік берсе екен. Біздің міндетіміз - өскелең ұрпақты оқытумен айналысу. Әркім өз жұмысымен айналысқаны жөн», - делінген анонимді жазбада.

Алайда, жалпыұлттық халық санағына жауапты Ұлттық статистика бюросы бұл жұмысқа тек еріктелердің тартылатынын жеткізді.

«Интервьюер 1 - 30 қазан аралығында үй-үйлерді аралап, санақ жүргізетін болады. Оған ешкім күштеп тартылмайды. Нақтырақ айтқанда, жұмыс істегісі келетін, интервьюер болғысы келетін кез келген 18 жастан асқан, вакцина алған, азаматтармен жұмыс істеу қабілеті бар, планшеттің тілін білетін тұлғалар жұмыс істейді. Олардың қатарында еңбек демалысында жүрген адамдар да болуы мүмкін. Яғни, бұл оған қосымша табыс табуына мүмкіндік», - деді «Ұлттық халық санағы-2021» ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы.

1-кезеңнің интервьюеріне 30 күн қызметі үшін 83 000 теңге қарастырылса, 2-кезеңнің интервьюеріне 30 күндік жұмысына 104 000 теңге төленбек. Сондай-ақ, 1-ші және 2-ші кезеңдердің нұсқаушы-бақылаушыға 45 күн еңбегі үшін 125 000 теңге беріледі.

«ҚАНША БАЛАҢЫЗ ҚАЙТЫС БОЛДЫ?» ДЕГЕН СҰРАҚ ОДАН ДА АУЫР ТИЮІ МҮМКІН

Биылғы халық санағында көптің күлкісін әрі ызасын келтірген бірқатар сұрақ бар. Саясаттанушы Самат Нұртаза сауалнамада кейбір сұрақтар орынсыз екенін алға тартады.

«Өз басым бір дүниені түсінбедім. Біз Egov-та ЖСН бойынша барлығымыз тіркелгенбіз. Сол арқылы бәрімізді тексеріп, неге сол жерден барлығын есептей салмайды? Неге міндетті түрде адамдарды жалдап, үй-үйді аралап санақ жүргізуі керек?! Меніңше, ХХІ ғасырда бұл артықтау. Сондай-ақ, сауалнамада адамдардың дінін сұрайды екен. Менің ойымша ол интимді сұрақ. Ол әркімнің өз шаруасы», - деп жазды Самат Нұртаза.

Қисынсыз сұрақтардың қатарында «Қанша тірі бала тудыңыз?» деген сауал қазақстандықтар арасында біраз талқыға түсті. Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мұндай сұрақтың неліктен қойылғанын түсіндірді.

«Біз бұл мәселені ұзақ қарастырдық. Бұл сұрақтың негізі мақсаты - бала өліміне қатысты санын анықтау. Егер де сұрақты басқаша қойып, «Қанша балаңыз қайтыс болды?» десек, бұл сұрақ одан да ауыр тиюі мүмкін еді», - деді Айдапкелов.

Сондай-ақ, әлеуметтік деліде кейбір азаматтар 18 жасқа дейінгі балаларға ересектерге арналған сұрақтар қойылғанын айтып, шағымын білдіріп жатты.

«Неке және бала туу жайлы сауалдар 15 және одан жоғары жастағы әйелдерге Еуропалық статистиктер конференциясы ұйымының ұсынысымен қойылады. Себебі, біздің елде заңнамаға сәйкес некеге тұру мүмкіндігі 16 жастан бастап беріледі. Ал басқа мемлекеттерде бұл көрсеткіш бұдан да төмен болуы мүмкін. Халықаралық деңгейде мәліметтердің бірізділігін қамтамасыз ету мақсатында дәл осы жас көрсеткіші белгіленген. Айта кетейін, қазіргі мәлімет бойынша биыл халық санағын өткізуді 61 мемлекет жоспарлаған. Ұлттық статистика бюросының туу көрсеткіштерін есептеу әдістемесі бойынша әйелдерде репродуктивті кезең 15 жастан басталады. Статистикалық мақсаттар үшін көптеген елдерде репродуктивті кезең 15-49 жас аралығын қамтиды», - делінген статистикалық бюроның жауабында.

Қисынсыз сұрақтардан бөлек, сауалнамада көпшілік түісне бермейтін аудармалар ма да кездесті. Мәселен «Ұтқыр телефон» (мобильный телефон), «Сусебізгі» (душ) сөздері бірыңғай республикалық терминологиялық электронды базасынан алынған екен.

Жалпы, 2018-2023 жылдарға арналған ұлттық халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі 9,1 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта оның 4,3 млрд теңгесі игерілген.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан