Бірақ, шенділер бұған жеке компанияларды кінәлі деп отыр
Алматыда көпқабатты қырық үй инфрақұрылымсыз тұрғындарға берілген. «Шұғыла-City» тұрғын үй кешенінің тұрғындары енді не газға, жол, жарық, суға да жарымай отыр. Халық балабақша, мектеп, спорт алаңдары мен балалар ойнайтын орындарды жауаптылардың ұмыт қалдырғанын айтады.
Бұл жердегі пәтерлерге екі мыңнан астам адам жарты жыл бұрын қоныстанған. Жаңа пәтерлердің кілтін алған адамдарға қала билігіндегілер тротуар, жол, тіршілік көзіне қажетті өзге де әлеуметтік мәселелерді шешіп беретінін айтқанымен, шенділер уәделерінде сол қалпы тұрмаған.
«Наурызбай ауданындағы мына жағдайға қаланы жобалау, жоспарлау, архитектуралық жағдайына жауаптылар көңіл аударсын. Тротуар мүлдем жоқ. Балабақша, мектеп жетіспейді. Тұрғын үйлерді сала бергенімен, билік әлеуметтік маңызды нысандарды ойламаған, жоспарламаған. Мына жердегі мыңдаған адам бұдан ары қарай шыдап, күтіп отыра алмаймыз. Балалар маңайдағы бір балабақша мен бір ғана мектепке барады. Сыйыспайды, қысылып жатыр. Шағынауданды Үндістанға айналдырудың қажеті жоқ», - деді «Шұғыла-City» тұрғыны Сәуле Әбдіхалықова.
Жаңадан салынған тұрғын үй кешені алыстан көз тартады. Тез салынған кешен қоныстанушыларға да жылдам берілген. Алайда, айналаны әлі ақ шаң басып жатыр. Ыстық су ақпайды, көгілдір отынды көпшілік тағатсыздана күтіп келеді. Тамақ электр плитасында дайындалып, су электр қондырғылары арқылы жылытылады. Сәйкесінше, ел электр энерегиясына ақшаны әдеттегіден бірнеше есе көп төлеп келеді. Электр сымдарына шамадан тыс салмақ салынғандықтан, өрт шығып үлгерген.
«Кілтті былтыр желтоқсанда беріледі деді, одан кейін мамырда беріледі деді. Содан жаздың ортасына таман әйтеуір кілтті алдық. Кілтті алғаннан кейін де бір проблеманың үстіне екінші проблема қосылды. Алдымен ауыз сумен, артынша жарықпен, кейін лифтімен проблема болды. Біз бұл үйлерді қымбатқа сатып алдық. Қымбатқа алғаннан кейін соған сай инфрақұрылым болуы керек. Ол атымен жоқ. Суды бір жылдан кейін береді, жолды бір жылдан кейін жасайды дейді. Сонда біз бес жыл күтуіміз керек пе?» - деді Серік Есембеков есімді тұрғын.
Жергілікті биліктің мәліметінше, бұл үйлерді жеке компания салғанымен, негізгі инженерлік желілерді жүргізіп, аулаларды жасау «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша іске асады. Бірақ инженерлік желілерді аяқтауға әкімдік кінәлі емес-міс. Бастап, аяқталмай қалған жұмыстардың көптігіне тендерді ұтқан компаниялар жауапты. Ауданның өкілдері кезекті уәдені ашулы тұрғындарға тағы да үйіп-төкті. Аулаларды газдандыру мен көгалдандыруға жергілікті бюджеттен 600 миллион теңгеге жуық ақша бөлінген екен. Жауаптылар жарты жылда жасалмаған жұмыстардың негізгі бөлігін 20 қыркүйекке дейін аяқтаймыз деп отыр.
«Тұрғын үй кешені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған. «Тимус-Construction» ЖШС магистарльдық газ құбырын тартып жатыр. Ішкі және сыртқы алаң, инженерлік жұмыстары қала құрылысын бақылау басқармасы жүргізеді. 20 қыркүйекке дейін газдандыру мәселесі толық шешіледі. Көгалдандыру, балалар алаңын жасау жұмыстары басталды. Электр жарығын тарту біздің міндетімізге кірмейді, оған үйді салған компания жауапты. Жер қожайының өзгеруіне байланысты түзетулер енгізіледі. Содан кейін жұмысты жалғастырамыз», - деді Алматының «Жайлы қалалық орта басқармасы» КММ бас маманы Самат Мұсабеков.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы