Қазақстан халқының 87,2% дінге сенушілер – Ержан Нүкежанов
Комитет төрағасы халықты діни сауаты төмен өнер жұлдыздары мен блогердердің уағынан сақ болуға шақырды
Әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы Қазақстан халқының 87,2%-ы дінге сенушілер екенін көрсетіп отыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов мәлім етті.
«Мемлекетіміздің зайырлылық қағидатын қолдайтынын назарға алсақ, дінге сенушілердің де, сенбеушілердің де тең құқығын сақтау біздің міндетіміз. Соңғы әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы халықтың 87,2% дінге сенушілер екенін көрсетті. Өкінішке қарай, қоғамда зайырлылық қағидаттары туралы толыққанды түсінік болмауы діни тұрақтылықты қамтамасыз етуде бірқатар тәуекелдерді қалыптастыру мүмкін. Оның ішінде діни сауаты жоқ өнер жұлдыздарының, блогерлік қауым өкілдерінің әлеуметтік желілерде діни насихат немесе діни кеңес беру сынды әрекеті байқалуда. Бұл еліміздің зайырлылық қағидаттарын ғана бұзып қоймай, халықты діни адасушылыққа алып келуі мүмкін екенін атап өткіміз келеді. Осыған орай, халықты дін саласында тиісті білімі, құзыреті бар тұлғалардан діни кеңес алуды сұраймыз», - деді Нүкежанов баяндамасында.
Сондай-ақ, пандемия кезінде халықтың интернетті қолдану аясы кеңейіп, олардың діни радикалдық ақпарат көздеріне тап болу тәуекелі де пайда болған.
«Діни деструктивті идеологияның ықпалына түсу ықтималдығы жоғары мақсатты топтардың 35%-ын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамтыдық. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 70% - ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Аталған шаралар халықтың дінтанудағы сауатын арттырып және діни радикалды иделогияға қарсы иммунитет қалыптастырып қана қоймай, 1-жартыжылдықта әлеуметтік желілердегі діни деструктивті топтарда тіркелген 512 мың отандастарымыздың 84 мыңнан астамының (адам) аталған топтардан шығуына өз ықпалын тигізді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті арттырамыз деп пайымдаймыз»,- деді төраға.