Аталған шара вакцина алушылардың қатарын көбейткен
Халықтың вакцина алу белсенділігін арттыру мақсатында елімізде маусым айынан бастап түрлі ұтыстар мен акциялар ойнатылып жатыр. Мұндай шара Қазақстанның әр облысында ұйымдастырылған. Қарапайым тұрмыстық заттардан бастап қымбат автокөлік, пәтерге дейін ұласқан ұтыстар көпшіліктің назарын өзіне аудармай қоймады. Жер-жерде ұйымдастырылған акциялар вакциналау қарқынын үдете түскен. Сондай-ақ, аталған жеңілдіктер ЖОО студенттеріне де қарастырылған.
Azattyq Ruhy тілшісі, акция өткізуден жоғары белсенділік көрсеткен облыстар мен вакцина алған студенттерге берілетін негізгі жеңілдіктер және әлі вакцина алмаған студенттерге қойылатын талаптар жайында материал дайындады.
Жүлде қоры 40 млн теңге...
Атырау облысы алғашқылардың бірі болып бағалы сыйлықтар мен қаржылай ұтыс ойындарын ойнатты. Облыстық «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігі вакцина алған тұрғындар арасында 40 млн теңге көлемінде ақшалай ұтыс ұйымдастырған болатын. Ақшалай сыйлық екпе алған тұрғындарға белгілі уақыт аралығында беріліп отырады. Маусым айында басталған акция қыркүйек айының соңына дейін жалғаспақ.
«Ақшалай ұтысты өткізудегі мақсат – тұрғындарды вакцина алуға ынталандыру. Ұтыс ойынының жүлде қорына 40 млн теңге салынды. Оның 10 млн теңгесі бас жүлдеге қойылған. Ұтыс ойыны 30 маусымда басталды. Әр он күн сайын 200 мың теңгелік 10 сертификат ойнатылады. Бұл 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Қазан айындағы бас жүлдеге, яғни 10 млн теңгеге 1 ақпан мен 30 қыркүйек аралығында вакцинаның бірінші немесе екінші компонентін салдырған тұрғындар қатыса алады», – деді «Азаматтық альянс» ЗТБ төрағасы Әлібек Семғалиев өз мәлімдемесінде.
Бұдан бөлек, түрлі тұрмыстық жабдықтар мен смартфондар апта сайын тікелей эфирде ойнатылуда.
Ал, елордада ұйымдастырылған шараларға келер болсақ, ұтысқа көлік те, пәтер де қойылған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қалада осы уақытқа дейін 6 ұтыс ойыны өткізілген.
«9 шілдеден бастап екпе алғандар арасында iPhone 12 телефонының 13 данасы, төрт тоңазытқыш, үш теледидар, екі планшет, үш қысқа толқынды пеш, бес принтер, екі бейнетіркегіш, кір жуғыш машина, «Алиса» ақылды колонкасы және ауа ылғалдандырғыш ойнатылды.
Апта сайынғы ұтыс ойынынан бөлек, биыл қыркүйек айында вакцинацияланғандар арасында екі бөлмелі пәтер ойнатылады. Оны осы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алған 18 жастан асқан қала тұрғындары ұтып ала алады. Бұл ұтыс ойынына вакциналаудың барлық пункті қатысады.
Сондай-ақ, «MEGA Silk Way» СОО-ның вакцинация пунктінде екпенің бірінші компонентін алғандар арасында автомобиль ұтысы өтеді. Birge платформасында ұтыс ойынының жеңімпаздарын анықтау үшін арнайы рандомайзер сервисі орнатылған. Оны әзірлеуге IT-қауымдастық та қатысты. Екпе алғандар бойынша сервис ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесімен біріктірілген», - делінген қала әкімдігінің таратқан ақпаратында.
Акциялардың басым бөлігі Алматы қаласында өткізіліп жатыр. Одан бөлек Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай облыстарында да дәл осындай сыйлықтар таратылуда.
Студенттерге қарастырылған жеңілдіктер
Бірқатар ЖОО-ның вакцина салдырған студенттеріне оқыту, жатақханаларда тұру, сауықтыру шипажайларына тегін жолдамалар, тегін тамақтану талондары мен қоғамдық көлікте тегін жүру жеңілдіктері қарастырылған.
Білім және ғылым вице министрі Қуаныш Ерғалиев ағымдағы жылдың 20 тамызындағы жағдай бойынша 200 мыңға жуық студент екпе алғанын айтады. Бұл барлық студентің 45,4 пайызын құрайды. Ол жеңілдік берілетін университеттер жайында да толық ақпарат берді.
«Бүгінгі күні барлық ЖОО студенттер арасында вакцина алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, медиа-жоспар әзірлеу және ынталандыру шараларды қабылдау, оқу корпустарына, кітапхана және жатақханаларға кіре берісте «Ashyq» қосымшасын қолдануды қамтамасыз ету, икемді білім беру кестесі, әртүрлі уақытта үзілістер, әлеуметтік қашықтықты сақтау, СЭР және бетперде режимін сақтау және т.б. шараларды қабылдауда.
Әрбір жоғары оқу орындарында ынталандыру шаралары әзірленді. Атап айтсақ, бірінші болып вакцина алған студенттердің оқу төлемақысына жеңілдіктер, әлеуметтік, ғылыми, спорттық инфрақұрылымды пайдалану, тамақтануға тегін таллондар, жатақханада тұру үшін 50% жеңілдіктер жасау, компьютерлік сауаттылық және шеттілдерін оқыту бойынша тегін курстар ұйымдастырылуда», - деді вице министр.
Аталған жоғары оқу орындарының басшылары оқытушылар құрамына да көңіл бөлді. Вакциналанған оқытушылар қосымша ақы немесе ақылы демалыс ала алады.
Студенттер мен оқытушыларды вакцинациялауға ынталандыру үшін қолданылған нақты шаралар мен жоғары оқу орындарының тізіміне: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ); Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ); НАРХОЗ университеті; Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті; Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ); Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті; Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті; А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті; М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті; Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті (ҚазҰҚПУ) кіреді.
Сондай-ақ, вице министр вакцина алмаған студенттерге де тоқталды.
«Жыл сайын жоғары оқу орындары, әлеуметтік серіктестіктер, жергілікті атқарушы органдардың тарапынан ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер, көпбалалы отбасынан шыққан және мүгедек-балалардың оқу төлемақысына жеңілдіктер жасап, стипендиялар тағайындап келеді. Сондықтан дәрігердің нұсқауымен вакцина алмайтын студенттер жоғары оқу орындарының ректорының атына растаушы құжаттармен бірге өтініш жазуларына болады.
COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында жоғары оқу орындарының аумағына кіру кезінде, оқу ғимараттарында, кітапханаларда және жатақханаларда «Ashyq» қосымшасы пайдаланылады.
Бүгінгі күні 110 жоғары оқу орнында «Ashyq» жүйесі толық іске қосылды, сондай-ақ оқу ғимараттарына «Ashyq» жүйесінде «Жасыл» және «Көк» статусы бар студенттерге кіруге рұқсат берілетін болады», - деді Қуаныш Ерғалиев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов студенттер мен оқытушылардың денсаулығын қорғау үшін вакцинациялауға ынталандыру жөніндегі тапсырма берген болатын. Қазір 20 жоғары оқу орны жедел шаралар қабылдап, бүгінгі таңда тізім тағы 10 университетпен толықтырылды. Осылайша, жоғары оқу орындарының ректорлары әлемде жүргізіліп жатқан вакцинация қарқынын күшейту жөніндегі жұмыстарды толық қолдап отыр.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан