$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.09.2021, 09:04
Қоғам

Орал әкімдігі туберкулезбен ауырғандарды ұстайтын ғимаратта балалар оқытпақшы

Ата-аналар баласын мектепке бермейміз деп отыр

Орал әкімдігі туберкулезбен ауырғандарды ұстайтын ғимаратта балалар оқытпақшы

Орал қаласында ондаған ата-ана баласын мектепке беруден бас тартып, наразылық білдірді. Олардың айтуынша, кіші сыныптың оқушыларын бұрын туберкулезбен ауырған балаларға арналған интернаттың ғимаратына көшірген деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. Бұл денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін дейді олар.

Туберкулезбен ауырған балалар бұл ғимараттан бірнеше жыл бұрын көшіп кеткенімен, Кох таяқшалары ондаған жыл бойы өмір сүре береді дейді ата-аналар.

«Кох таяқшасы жерде 40 жыл бойы өмір сүреді. Туберкулезбен ауырған балалар осында тұрған, тамақтанған, дәрі қабылдаған. Едені ағаштан жасалған, бетіне төселген линолеум өте ескі. Балалар жүгіргенде шаңы шығып жатыр. Балаларымыз туберкулез жұқтырып ала ма деп қорқамыз», - дейді Лариса Низовцева есімді Орал тұрғыны.

Ата-аналар ғимаратта дезинфекциялық жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмегенін, жөндеу жұмыстарының да сапасы төмен болғанын айтып шағымданып отыр. Олардың балалары 1 қыркүйекте болған алғашқы қоңырауға қатысқан жоқ.

«Менің балам бұл ғимаратта ешқашан оқымайды. Дұрыстап жөндеу жұмыстарын жүргізсін, дезинфекция жасасын, қауіпсіз екеніне көзімізді жеткізсін. Өмір бойы бізге бұл ғимараттың маңына жолау қауіпті екенін айтып келді де, енді бір күнде қауіпсіз дей қалды. Бізде күдік көп», - дейді Жасұлан Мұқанов есімді тұрғын.

Ал, қалалық білім басқармасындағылар әдеттегінше «бәрі ойдағыдай» деген жауап қатты. Шенділердің сөзінше ғимарат балалар өмірі үшін қауіпсіз. Ал, мұндағы материалдық-техникалық база өзге мектептерден қарағанда әлдеқайда жақсы екен.

«Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі мұнда ашық туберкулезбен ауыратын балалардың жатпағанын растайды. Ғимаратқа санитарлық эпидемиологиялық станция мамандары келіп, ешқандай қауіптің жоқ екенін, мектеп балаларды қабылдай алатынын айтып кетті», - дейді білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова.

Ата-аналар мектепке баласын беруден бәрібір бас тартты. Олар ғимаратқа тәуелсіз сараптама жүргізуді талап етіп отыр.

Серіктес жаңалықтары